Қоғам

26 жылдан бері құжатсыз жүр: жас жігіт қазақстандықтардан көмек сұрайды

Уәлихан Әлиевтің қай жерде туғанын анықтау үшін заңгерлер Қазақстанның барлық перзентханаларына 100-ден астам сауал жолдаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Уәлихан Әлиев туыстары мен өзін танитын, білетін адамдардың байланысқа шығуын сұрайды. Өйткені, жасы 26-ға келген азаматтың қазіргі кезде ешбір құжаты жоқ.

Уәлихан сегіз жасқа дейін Алматыда әжесімен бірге тұрғанын айтады. Ол туған әжесі болуы мүмкін. Зейнеткер қайтыс болғаннан кейін, оның үлкен ұлы баланы үйінен шығарып жіберген. Құжаттары жоқ қазақстандық туралы оқиғаны Бірінші Евразия арнасы көрсетті.

"Осы жағдайдан кейін көшеде 8-10 жыл өзімше өмір сүрдім. Қай жерде ақша табатын мүмкіндік бар, сол жерде жұмыс істеп, өстім. Көп жағдайда көлік жуу орындарында еңбек еттім, ол жердегі табысым 1-2 күндік нәпақа қана болатын",– дейді Уәлихан Әлиев.

Уәлихан көшеде тәрбиеленсе де, шылым шегіп, ішімдікке әуес болмағанынан дән риза.

"Оған да ақша керек қой. Ал менде ондай мүмкіндік болған жоқ", – дейді ол.

Жас жігіт ата-анасын ешқашан көрмегенін айтады. Ол өзінің туған күнін 23 қыркүйекте әжесімен бірге атап өткенін және 1994 жылы туғанын ғана біледі.

Алматыда Әлиев құжат рәсімдеу үшін мемлекеттік органдардың біріне барып, көмектесемін деп ақша алған алаяқтарға алданып қалған.

Қазіргі кезде Әлиев елордада табылған жұмысты істеп, күн кешіп жүр. Ол 2017 жылы халыққа қызмет көрсету орталығына барған.

"Олар мені фотосурет арқылы сәйкестендіру хаттамасын жасатуға, әкімдікке, АХАЖ бөлімі мен бейімдеу орталығына жіберді", - дейді Әлиев.

Сондай-ақ, Уәлихан сотқа, тіпті президент әкімшілігіне де жүгініп, құжаттарды рәсімдеуге тырысқан.

Ал бұл жағдайға байланысты әділет департаменті "оның азаматтығын куәландыру үшін қажетті шаралар жүргізіліп жатқанын" атап өтті.

Оқи отырыңыз: Полиция: "куәлік сатып алған" қыз автомектепте оқыған

Уәлиханға көмектескісі келген заңгерлер Қазақстандағы барлық перзентханаларға 100-ден астам сауал жолдаған. Мұндай өтініш-сауалдар халықаралық желі бойынша да жіберілетін болады. Олардың айтуынша, егер куәгерлер табылса, бұл процес жеңілдейтін көрінеді.

"Бәлкім оны бала күнінде көргендер бар шығар. Мүмкін, бұрын бірге тұрған  көршілері де табылып қалар. Қазіргі кездегі басты мақсат – оның Қазақстан Республикасының аумағында нақты тұрғанын көрген куәгерлерді табу", - дейді заң палатасы төрағасының орынбасары Олег Саакян.

Келешекте отбасын құруға ниетті жас жігіт өзін танитын қазақстандықтардың көмегінен үмітті.