Саясат

Тоқаев пен Мирзиёев не туралы сөйлескені айтылды

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қиын-қыстау кезеңде бір-біріне қолдау көрсеткенін шынайы бауырластық қатынастардың үлгісі ретінде атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Ппрезиденті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Өзбекстан халқына бақ-береке тіледі.

Мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің ғасырлар бойы қалыптасқан достыққа, бауырластыққа және тату көршілікке негізделген екі жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қиын-қыстау кезеңде бір-біріне қолдау көрсеткенін шынайы бауырластық қатынастардың үлгісі ретінде атап өтті. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Сардоба су қоймасындағы апат салдарынан зардап шеккен Түркістан облысына көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан үкіметі Өзбекстанның Сырдария облысындағы зардап шеккен аудан тұрғындарына азық-түлік тауарларын жіберу жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді.

Әңгімелесу соңында тараптар аймақтағы эпидемиологиялық ахуал жайында ақпарат алмасып, COVID-19 індетімен және оның салдарымен күрестегі іс-қимылдарды жалғастыра беруге ниетті екенін білдірді.