НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Көбейтұз көліне көлігімен кіріп кеткен жүргізуші қазақстандықтардан кешірім сұрады.
Видео полиция бөлімшесінде түсірілген. Ер адам астанадан Екібастұзға жұмыс сапарымен барғанын айтты. Жолда қызғылт түсті көріп кетпек болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Әрине, мен дұрыс істеген жоқпын. Жаяу баруыма да болатын еді, жаспын ғой. Кешірім сұраймын. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Өзім 40 жастамын, былай жасаймын деп ойлаған жоқпын", - деді ол.
Еске сала кетсек, ақмолалық полицейлер ер адамды екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Айыппұл мөлшері - 13 890 теңге.
Кейбір азаматтардың қызғылт түсті Көбейтұз көліне қатысты әрекеті туралы президент те айтқан болатын. Ол азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұрғанын атап өтті. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті "Көбейтұз" көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды, деді президент.
Әлеуметтік желі қолданушылары адамдар көлдегі тұзды қап-қабымен әкетіп, коронавирустан қорғайтын "дәрі" ретінде сатып жатқанын жазған болатын.
Ақмола облысы мен Ерейментау аймағындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін: Көбейтұз, Теңіз, Құрбет, Қоржынкөл көліне және Ерейментау ауданының аумағында орналасқан барлық көлдерге баруға тыйым салынды.