НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Тоғжанов пандемия кезінде азаматтардың өзін-өзі ұстау ережелерін әзірлеуді, өңірлерде карантин режимін бұзу бойынша күнделікті рейдтер жүргізуді және бірқатар басқа да шұғыл тапсырма берді.
"Біз қоғамның сана-сезімі мен мінез-құлқын түбегейлі өзгертуіміз керек. Бізде әлі күнге дейін "маска көмектеспейді, кимесе де болады, пайдасы жоқ” деп ойлайтындар бар. Адамдар әлі күнге дейін фактілерді емес, өздерінің жаңсақ пікірлерін ғана басшылыққа алады", - деп атап өтті вице-премьер.
Вируспен күрес барлық қазақстандықты біріктіруі тиіс, ал карантин режимін бұзғандарды қоғам өзі айыптауы керек, деп толықтыры ол.
COVID-19 жұқтырудың тәуліктік өсімі 2,3 процентке дейін төмендеді
Отырыс барысында денсаулық сақтау министрлігі екі апта ішінде жедел шаралар қабылдаудың арқасында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілгенін мәлімдеді:
- COVID-19 жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-тен 2,3 процентке дейін төмендеді;
- сауығып кеткендердің саны 60%-ке артты;
- жедел жәрдем шақыру саны 31%-ке, оның ішінде COVID бойынша шақырулар 19%-ға қысқарды;
- реанимациялық төсек-орын саны 12%-ке, стационарлардағы төсек-орын 81%-тен 56%-ке дейін төмендеді.
Сонымен қатар, жедел штаб Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерінің жұмысы жеткіліксіз екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19-бен күрес бойынша өңірлер рейтингісінде осы облыстарда ең төмен көрсеткіштер тіркелген.
Оқи отырыңыз: Бекшин Алматы тұрғындарының вирусты қайда жиі жұқтыратынын айтты
Сондай-ақ, премьер-министрдің орынбасары Солтүстік Қазақстан әкімдігіне қолданыстағы төсек-орын қорының жүктемесін азайту бойынша жедел шараларды қабылдауды тапсырды.
Ішкі істер министрлігі осы жылдың 5 шілдесінен бастап 4,3 мың карантинді бұзу оқиғасы тіркелгенін атап өтті.