НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Ресейдің Саратов облысындағы қазақ диаспорасының өкілдері жинап, жіберген гуманитарлық көмек Қазақстанның Орал қаласына жетті.
Гуманитарлық жүк құрамында 5 мың дана медициналық бетперде мен 50 электронды термометр, 250 қорап антисептик және 2 мың жұп бір рет қолданылатын қолғаптар бар.
"Біз қазіргі кезде жүкті қабылдап алдық. Енді оларды тиісті орындарға таратамыз. Ауруханалардан өтініштер жинап, көмекті сол жерге жібереміз", – деді Sputnik Қазақстанға Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері.
"Қайырымды көршілер" акциясы
Қазақстан мен Ресей арасындағы "Қайырымды көршілер" акциясы 9 шілдеде басталып, айдың соңына дейін жалғасады. Акция аясында жиналған тауарлар қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Көкшетау, Петропавл, Шымкент, Орал қаласына жіберілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, гуманитарлық жүктердің жалпы құны 8,6 миллион теңгеден асады.
Оқи отырыңыз: Астаналық студенттерге ресейліктер 5 мың бетперде жіберді
Гуманитарлық көмек медициналық мекемелерден бөлек жалғызбасты зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларға таратылады.