Қоғам

Қазгидромет тамыз айында ауа райы қандай болатынын айтты

Синоптиктер тамызда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болатынын болжап отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Тамыз айында ауа температурасы климаттық норма шамасында болады деп күтілуде. Қазгидромет синоптиктері жаздың соңғы айына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазгидромет директоры Данара Әлімбаеваның айтуынша, тамызда күннің ұзақтығы солтүстікте екі сағатқа, оңтүстікте 1 сағат 20 минутқа қысқарады. Осыған байланысты ауаның орташа айлық температурасы шілдеге қарағанда 2-2,5 градусқа, ал оңтүстік облыстарда 1 градусқа төмен болады.

"Қазақстанның солтүстігінде ауаның орташа айлық температурасы 16-20 градус, оңтүстікке қарай жоғарылап, қиыр оңтүстікте 27-29 градусқа жетеді. Консультативті болжамға сәйкес, жаздың соңғы айы климаттық норма шамасында болады. Тамыз айында ауаның орташа температурасы ел аумағының басым бөлігінде норма шамасында күтіліп отыр", – деді ол онлайн брифингте.

Жауын-шашынсыз ыстық және салқын күндер қатар жүреді

Қазгидромет директорының мәлімдеуінше, тамыз айында республиканың солтүстік жартысында норма 17-22, шығыста 15-16, ал батыс және оңтүстік аймақтарда 23-27 градусты құрайды.

"Алайда ауа массаларының жиі алмасуына байланысты жауын-шашынсыз ыстық күндер мен салқын, жауынды күндер қатар жүреді. Бұл Скандинавия аймағынан суық ауа массаларының енуінен және Жерорта теңізі мен Ираннан шығатын оңтүстік циклондармен байланысты", – деді Әлімбева.

Сонымен қатар, синоптиктер тамызда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болатынын болжап отыр.

Ал Нұр-Сұлтанда тамыз айында орташа айлық температура климаттық норма деңгейіндегі (норма 19 градус) жауын-шашын мөлшері нормадан көп.

Оқи отырыңыз: Биылғы жаз қандай болады - ауа райы болжамы жарияланды

Алматыда да орташа айлық температура климаттық норма шамасында болады. Норма 23 градус. Жауын-шашын мөлшері нормадан көп күтілуде.