АЛМАТЫ, 23 шілде – Sputnik, Александр Мироглов, Айгерім Таубай. Қазақстан телевизия саласының ардагері Владислав Богусевич 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарын трансляциялауға қатысқан аздаған қазақстандықтың бірі.
Богусевич Sputnik Қазақстан тілшісіне Кеңес телевизиясының КСРО-дағы XX ғасырдың басты спорт оқиғасы қарсаңында қалай жұмыс істегенін айтып берді.
Мәскеуге дейінгі ұзақ сапар
Владислав Богусевич қырық жыл бұрынғы оқиғаны күні кеше болған секілді әлі ұмытпаған, тіпті әр оқиғаның қалай өрбігенін біледі. 1980 жылы Богусевич Алматыда орналасқан қазақстандық радиотелеорталықта жұмыс істеп жүрген жас маман болды. Оның Олимпиадаға баруы да осы жерден басталды.
Айтуынша, 1976 жылы Монреальда өткен ойындардың материалдары көзіне түсіп, Олимпиадада жұмыс істеу туралы ой кездейсоқ туады. Ол жерге әр елден көптеген техника маманының жұмылдырылатынын біліп, Мәскеуде өтетін спорттағы айтулы оқиғаның куәгері болуды ойлаған.
33 жастағы Богусевич осы ойымен бастығы Вадим Лезниковке барады. Бастығы сол уақытқа дейін ұзақ уақыт бойы республикалық радиотелеорталықтың бас инженері болған.
"Уақыт өте келе біздің арамызда литвалықтар пайда болды, олар қандай да бір жабдықты құрастырды. Осы ойды тастағаннан кейін біраз уақыт өткен соң 1976 жылы Лезников маған "егер қаласаң, литвалықтар бізді Шяуляй қаласына радио зауытқа жұмыс істеуге шақырады" деп айтты", - деді Богусевич.
Шяуляй радиозауыты жаңа технологиялық телевизия жабдықтарын дайындаумен айналысты.
"Одақта бұл осындай жалғыз зауыт еді. Біз Вадим Лезников, Талғат Маусымбаев (өкінішке орай, марқұм болып кетті) және мен осы зауытқа бардық. Литвада дәл осы зауытта біз жасаған жабдықты кейін Мәскеуде олимпиаданың телерадиокешенінде қойды. Ол жерде екі жыл жұмыс істеген соң, барлығын бір кісіше біліп алдық. 1979 жылы жабдықты монтаждау басталған кезде біз ұзақ уақыт Мәскеуде болдық", - деп еске алды Владислав Леонидович.
Техниканың қыр-сыры
Қазақстандық телевизияшылар бригадасы мамырдың басында, Олимпиаданың ресми басталуына екі ай қалғанда Мәскеуге барды. Богусевичтің айтуынша, жұмыс та жеткілікті болды. Олармен бірге КСРО астанасына басқа одақтас республикалардан телевизия саласының мамандары да барған.
"Техниктер ол жерде көп болған жоқ. Негізінен спорт жайлы хабар таратушы операторлар мен режиссерлер болды. Нақты қанша адамның барғанын дәл қазір айта алмаймын. Шамамен он бес адам болды, ішінде сегіз оператор, үш әмбебап техник және Олимпиада аяқталғаннан кейін Қазақстан алып кетуі тиіс жылжымалы
теледидар станциясының бригадасы болды. Яғни, бұл станция ҚазССР үшін арнайы дайындалған, бірақ алдымен Олимпиадада жұмыс істеуі керек болды. Әр республика үшін солай жасалды. Бұл өте ақылға қонымды шешім еді, себебі оны ірі іс-шарадан қалған мұра деуге де болады", - дейді Владислав Богусевич.
Телевидения ардагері сол жерге барғаннан кейін Ижевск, Қазан, Поволжье бекеттерін өзіне тіркеп қойғанын айтты. Әрқайсысында өзінің эксплуатациялық персоналы болды, бірақ жабдықтың жарамдылығына техникалық басшы ретінде Богусевич жауапты болды.
Олимпиада ойындарын трансляциялау кезінде техниканың сенімсіз болғанына және жиі істен шығатынына қарамастан, ешқандай ерекше немесе оқыс оқиға болмады.
"Егер Алматыда жасаған бағдарламалар жайлы айтар болсақ, онда сол жерді түсіру үшін камераны Компартия ОК үйінің төбесіне қою керек еді. Камера алыста тұрады. Оның істен шығу ықтималдығы өте жоғары, сонымен қатар жалпылама түсіретін осы камера өте маңызды болғандықтан ол жерге көрсеткіш тетік, қандай да бір блоктар секілді қосымша бөлшектер әкеледі. Оның бәрі дер кезінде әрекет ету үшін және қиындық туындаған жағдайда дереу шешу үшін қажет", - деп түсіндірді Владислав Леонидович.
Айтуынша, Мәскеуде Олимпиадада дәл осылай болды. Сонымен қатар Мәскеуге мықты техникалық қызмет пен білікті мамандар тартылған.
"Барлығы жоспарлы түрде ұйымдастарылды, трансляция жүргізілетін барлық жерде техникалық қызметпен қатар жобалаушылар мен техника жасаушылар үнемі қатысып отырды. Ал Олимпиаданың ең маңызды орындары мен оқиғаларында ұйымдастырушылар тәуекелді барынша азайтуды жөн көрді. Мұнда шетелдік өндірістің телевизиялық станциялары, оның ішінде ең алдымен Француздың техникасы қолданылды. Оларды Олимпиада үшін арнайы сатып алды", - деді Богусевич.
Үлкен жауапкершілік
Владислав Богусевичтің айтуынша, 1980 жылы өткен Олимпиада ойындарында жұмыс істегендердің барлығы үнемі жауапкершілікті сезініп отырды. Сол жерде қандай да бір техниканың істен шығуы бүкіл елдің ғана емес, жеке адамның да имиджіне үлкен әсер ететін еді, дейді ол.
"Кеңес телевизиясы мен радиосы жартылай әскери форматта жұмыс істеді деуге болады. "Техникалық жағдай" деген терминді естігенде денеміз дірілдеп қоя беретін. Егер қандай да бір жағдай болса бір минутқа дейін, бір минуттан артық уақытта шешу керек деген уақыт жағынан санат болды. Сондай жағдайда біз жағдайды Мәскеуге сол сәтте баяндауға міндетті болдық. Барлығы бақыланып, тексерілді", - деп еске алды Богусевич.
Телевизиядағы бауырластық
Владислав Леонидовичтің айтуынша, Олимпиадада өте көп телевизия қызметкері жұмыс істеген. Содан бері қаншама көлемді шараға қатысқанына қарамастан, дәл сондай адам көп жиналған шараны көрмегенін айтты.
"Бұл үлкен телевизия саласындағы одақ болды. КСРО ыдырағанға дейін барлық телевизия жүйесі бір-біріне өте жақын болды. Ригадан Владивостокқа дейінгі радиотелеорталықтардың барлық жетекші техникалық директорларын танитынмын. Кез келген елге барғанда достарыма хабарласып, өз үйімде жүргендей болдым", - деп есіне алды Богусевич.
Айтуынша, телевизия саласындағы мамандар тек жұмыс уақытында ғана емес, бос уақытында да қаланы аралаған.
Кәсіби тұрғыдан қызық болды
Владислав Богусевичтің айтуынша, оған 1980 жылы өткен Олимпиада жанкүйер ретінде емес, кәсіби тұрғыдан қызық болды. Дәл сол себепті ол спорт жағынан қызық жерлерде жүрмеген. Ол ұзақ уақыт кеңес алаңында тұрған жылжымалы станцияда жұмыс істеді.
"Олимпиада алауын әуелі Мәскеу кеңесіне алып келді, содан кейін ол сонда бір түн тұрып, содан кейін Лужники стадионына алып барды. Сондықтан ұзақ уақыт Олимпиада алауы трассасының бойындағы жылжымалы станцияларда болдым. Олимпиада басталғанға дейінгі дайындық кезеңінде мен сол жерде жүрдім. Спорт жайы мені қызықтырған жоқ", - дейді Богусевич.
Айтуынша, Олимпиада күндері ойын қонақтарының арасында арнайы қызмет қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелді. Олар кеңес азаматтары немесе шетелдіктер болғанына қарамастан, адамдардың кез келген күдікті әрекетіне шұғыл шара қолданды.
Тіпті сол шараны ұйымдастырушы екенін айғақтайтын бейджиктің өзі көмектесе алмаушы еді.
"Егер мен бір жерден екінші жерге нақты бір мақсатпен бара жатсам, ондай ештеңе етпейді. Ал егер жүріп бара жатқанда тоқтап, басқа жаққа мойын бұратын болсаң, дереу жаныңа келіп, кім екеніңді, қайдан келгеніңді, не үшін жүргеніңді сұрайды. Дәл осындай әрекет салдарынан Мишаның қалай ұшып кеткенін көре алмай қалдым. Соны қатты көргім келген. Сол маңда жүріп, Мишаның ұшу сәтін жіберіп алдым", - деп еске алды Леонидович.
Олимпиада мұрасын үйге қалай жеткізді
Телевизиялық трансляцияларға қызмет көрсететін қызметкерлер үшін ойын аяқталғанна кейін де жұмыс таусылған жоқ. Төрт жылда бір өтетін шараға арналған қала бойынша қойылған жүйені жинау үшін бірнеше апта уақыт кетті.
Басқа республикалардан астанадағы әріптестеріне көмек көрсетуге келген бригадалардың басты міндеті – жылжымалы теледидар станцияларын жасақтау болды, оларды елдің мемлекеттік телерадиоорталықтарына жіберді.
"Іс-шара аяқталғаннан кейін асхана, буфеттер финдік және шетелдік аспен толып тұрды. Ал адам қалмаған еді. Біз өзіміздің жылжымалы станциямызды, әсіресе қосымша автобусты Пепси, кока-кола және басқа да азық-түлікпен толтырып алдық. Себебі олар сол кезеңде еркін қол еткізу мүмкін емес болатын. Алматыға келген соң Олимпиадаға бармай қалған әріптестерімізбен бірге заттардың елге жетуін тағатсыздана күттік", - дейді Богусевич.
Айтуынша, Қазақстанға Мәскеу Олимпиадасынан әкелінген техника телевиденияда ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрды. Ал ескі техника ескірген кезде жаңасына ауыстырылды, ал Камаз базасында жиналған финдік автобус Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де еліміздің ірі іс-шараларына барып жүрді.
Владислав Богусевич 1980 жылы өткен Олимпиададағы жұмысын еске ала отырып, бұл оқиға оның өміріндегі ең ірі, маңызды және есте қаларлықтай болғанын айтты.