НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik, Данара Құрманова. Белгілі қаржыгер Алмас Чукин 1980 жылғы Олимпиадада құрметті қонақтарды жеңімпаздарды марапаттау салтанатына қатысуға қалай көндіргенін және орыс мақал-мәтелдерін ағылшын тіліне қалай аударғанын айтып берді.
1978 жылы Мәскеу Олимпиадасына дайындалу барысында КСРО билігінің алдында "шетелдік қонақтарға қалай қызмет көрсетеміз?" деген мәселе туындады. Кеңес Одағында ағылшын тілі кең тарамаған еді: дүкендер, қонақ үйлер мен мейрамханаларда ағылшынша сөздік қор "please" (пожалуйста) дегеннен әрі аспайтын. Билік тіл мәселесін Мәскеудің жетекші жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің көмегімен шешуге бел байлады. Жастарға ағылшын тілін үйретті.
Қазақстандық экономист (Бішкектен шыққан) Алмас Чукин сол уақытта Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алатын. Ол Олимпиадаға келген VIP-қонақтардың жеке аудармашысы болды.
Бәрі "ОК" болады
ММУ студенттеріне Олимпиадаға аудармашылар қажет екенін дүбірлі додаға екі жыл қалғанда айтты.
"Шетелдік қонақтар көп келеді, олармен бірге жұмыс істегісі келетіндер курсқа жазылып, емтихан тапсыруы керек деді. Осыдан кейін мен курсқа жазылдым", - деп еске алды Алмас Чукин.
Бішкекте арнайы мектепті тәмамдаған Чукин үшін курстағы оқу оңайға соқты. Жас жігіт ағылшын тілін ММУ-ге түспей тұрған кезінде үйренген, студенттік жылдары ол тек тәжірибе жинады: құрылыс отрядының орнына "Спутник" жастар туризмі бюросына жазылып, аудармашы болып қызмет етті.
"Жаз бойы туристерге Мәскеуді таныстырып, емін-еркін сөйледім, - дейді Чукин. – Сондықтан емтихан тапсырғаннан кейін студенттерді бөлгенде, мені Олимпиаданың VIP қонақтарының аудармашысы етіп тағайындады".
Құрметті қонақтардың жеке аудармашысы – өте маңызды лауазым. Тіпті, құжаттардың өзі ерекше үлгімен толтырылатын. Куәлікте бас әріптермен "ОК" деп жазылды.
"Бұл менің әр жерге еш қиындықсыз кіріп-шыға алатынымды білдірді", - деп түсіндірді Чукин.
Қауіпсіздік мақсатында қатардағы аудармашылар тек өз деңгейіндегі қонақтарға ғана бара алатын.
"Ал VIP-қызметкер үшін барлық есік ашық. Мұндай куәлік екінің бірінде бола бермейтін, - деп жалғастырды ол Sputnik-пен әңгімесін. -Мен оны әлі күнге дейін сақтап жүрмін".
Сары костюм – абырой-беделдің белгісі
Алмас Таласұлы құрметті қонақтардың аудармашылары киген форманы сақтай алмағанына әлі күнге дейін өкінеді.
Олимпиада кезінде сары түсті униформа абырой-беделдің символы саналатын. Оның үстіне костюм франциялық өндірістен шыққан, сол себепті барлық VIP аудармашы оны зор мақтанышпен киді.
"Бірақ, тігіншілер костюмдердің өлшемінен қателесті. Бүкілі үлкен болып шықты. Сондықтан біз оны өзімізге шақтап, қысқартып алдық", - деді ол.
Тағы оқыңыз: "Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты
Аудармашылардың бәтеңкемен де жолы болмады – сапалы, бірақ үлкен болған.
"Аудармашылардың базасы "Космос" қонақ үйі болды. Қонақ үйге бірінші күні сары костюм мен сол аяқ киімді киіп келгенім есімде. "Космостан" бізді арнайы автобуспен "Шереметьевоға" – қонақтарды қарсы алуға жіберді",- деді Чукин.
Жұмыс уақытының негізгі бөлігін аудармашылар "Лужники" аренасында өткізген. Онда құрметті қонақтарға арналған үлкен ложа орналасты. ММУ-дің біраз студенті сол уақыттары кейбір дүниелерді алғаш рет көріп, дәмін татты. Мәселен, Олимпиадаға демеуші болған Хайнекен сырасы немесе тауық етінен дайындалған кішкентай кәуаптар.
"Ол кезде біз үшін көп дүние таңсық болатын. Сол жағынан Олимпиада біз үшін көңілді өтті", - дейді Алмас Таласұлы.
Лорд Килланинмен таныстық
Әр құрметті қонақтың жеке аудармашысы болды. Алмас Чукиннің бір досы "Адидас" бастығымен, тағы біреу жапониялық "Мидзуно" спорт аяқ киімі брендінің жетекшісімен жұмыс істеген. Ал өзіне танымал америкалық жеңіл атлет Роберт (Боб) Бимон бұйырыпты. Спорт түрлерінің ішінде жеңіл атлетикаға қатты қызығатын Чукиннің қуанышында шек болмаған.
Алайда, 1979 жылы Кеңес Одағы Ауғанстанға әскер кіргізгені белгілі. Америкалықтар бойкот жариялап, Мәскеудегі Олимпиада ойындарына барудан бас тартты. Осылайша жас аудармашы әйгілі спортшыны босқа күтіп қалды. Оған әртүрлі қонақпен жұмыс істеу тапсырылды. Бір күні тіпті Халықаралық Олимпиада комитетінің алтыншы президенті, лорд Майкл Килланиннің тілмашы болған. Килланин Мәскеудегі Олимпиада қарсаңында отставкаға кеткен болатын, алайда ойындардың ашылу салтанатына ұшып келді.
"Біз онымен ескі "Москва" қонақ үйінде сөйлестік. Ол қонақ үй кейіннен сүрілді. Артынша бір адамдар келіп, ол солармен бірге кетті", - дейді Алмас Таласұлы.
"Бар да, басқа біреуді көндірші!"
Лорд Килланин секілді ірі тұлғаның аудармашысы болғаннан кейін, Чукин одан арғы жұмысын соншалықты маңызды санамады. Оған таңғалуға да болмайды – негізінен, ол спортшыларға медаль табыстайтын құрметті қонақтармен стадионға дейін еріп барып жүрді.
"Көлікте кетіп бара жатқанда, мен әдеттегідей Мәскеу жайлы айта бастаймын. Күлкілі, әрине, бірақ VIP-қонақтардың көбі марапаттау салтанаты үшін алыс жолға шыққысы келмейді. Мәселен, көгалдағы хоккейге кім барады деп жиі дауласатын", - деп еске алды ол.
Кейде мүлдем ешкім барғысы келмейді. Сол кезде аудармашыға "барып біреуді ұстап ал да, көндірші" деп тапсыратын.
Аударма қызметінің қиындығы
Жас аудармашы болсаң, күлкілі әрі ыңғайсыз жағдайларға тап болмай қоймайсың, дейді Чукин. Айтуынша, Олимпиада ойындарында өзімен қатарлас аудармашылардың көбі "дәстүрлі қателер" жіберген. Әсіресе, ағылшын тілінде "и"дыбысын айтудан қиналған.
"Кейде шетелдіктер түсінбей қалатын: "sheep" немесе "ship", қой туралы ма, жоқ әлде кеме туралы айтып жатыр ма деп", – деп күлді ол.
Ал Чукин үшін орыс мақалдарын аудару қиынға соққан.
"Әлі есімде, бір күні біреу: "Каждый кулик свое болото хвалит" деді. Сол сәтте мен бұл құсты қалай сипаттасам екен деп ойлана бастадым. Ақыр соңында бұл нақыл әркім өзінікін мақтайды дегенді білдіреді деп құтылдым", - деді ол.
Қазақстандық Олимпиада кезінде не есте қалды деген сұраққа жауап берді.
"Бәрінен де, әрине, Олимпиаданың жабылу салтанатындағы атмосфера естен кетпейді, - деді Алмас Таласұлы. Қонжық ұшып кеткенде, бүкіл стадион шынымен де бір отбасындай болды".
Сондай-ақ, ол Олимпиада ойындары кезінде Мәскеу қаңырап қалғанын айтты. Қауіпсіздік мақсатында адамдардың көбін, соның ішінде Олимпиадаға қатыспаған студенттерді қаладан шығарған.
Десе де, Олимпиада ойындарының ММУ студенттері үшін бір артықшылығы болды. Шетелдіктерді жатақханаға орналастырып қалуы мүмкін деп, университеттің барлық бөлмесін жөндеп, жаңа жиһаз сатып алған. Кейіннен мұның бәрі студенттерге қалды.