НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ауруханаға пневмониямен түскен науқастардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Соңғы 20 күннің ішінде 63 491 адам ауруханаға жатқызылды. Дәл қазір стационарда 45 мың пациент ем-дом алып жатыр", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жыл басынан бері тіркелген пневмониялардың статистикасын жариялаған болатын. Қазақстанда 234 187 адам пневмонияға шалдықты. Өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,3 есеге өсіп отыр.
Жарты жылдың ішінде пневмониядан қайтыс болған адамдардың саны өткен жылдың осы кезеңімен бірдей болды. Бірақ маусым айында күрт көбейіп кеткен. Осылайша, 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында пневмониядан 3 327 адам қайтыс болған. Былтыр осы уақытта 1 896 науқас көз жұмды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус пен пневмонияның статистикасы біріктіріледі
Ресми мәліметке сәйкес, маусымда пневмонияға шалдыққан 32 724 науқас тіркелген. Ал шілденің алғашқы аптасында, яғни 1-8 күндері аралығында 56 809 пациент тіркелген болатын. Соның ішінде 7 348-сы вирусты пневмония болса, 9 759 науқас бактериялық пневмониямен ауруханаға түскен. Ал 39 702 науқастың пневмониясы нақтыланбаған, коронавирус инфекциясына көбірек ұқсайды.
1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирус пен пневмонияның статистикасы біріктіріледі. Бірақ оған бұған дейінгі науқастар кірмейді. Тамыздан бастап пневмониямен ауырғандар жалпы есепке енгізіледі.