Спорт

"Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты

Sputnik Қазақстан 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиаданың қырық жылдық мерейтойына орайластырылған материалдар топтамасын жариялауды жалғастырады
Sputnik

АЛМАТЫ, 23 шілде– Sputnik, Ербол Қайыров, Айгерім Таубай. Оқырман қауымға Олимпиада ойындарындағы тұңғыш қазақ чемпион және өз отанының мақтанышына айналған грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, еліміздің атақты спортшысы Жақсылық Үшкемпіров туралы қызықты деректерді ұсынамыз.

Мәскеуге сапар

Спортшыны құрама сапынан екінші рет алып тастағысы келгендер болған. Үшкемпіров Мәскеуде  өнер көрсетпеуі де мүмкін еді. Жақсылық Әмірәліұлы 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиада алдында дәл осындай жағдаймен бетпе-бет келген болатын. Сол кезде басымдық Алексей Шумаковқа берілді. Шумаков жаттықтырушылары мен функционерлерін ұятқа қалдырмай, Олимпиада чемпионы атанды.

"Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты

Дәл осындай әділетсіздік Жақсылық Үшкемпіровтің бір жыл бұрын КСРО чемпионатының чемпионы болғанына, оны айқын басымдықпен жеңгеніне қарамастан, екінші рет қайталануы мүмкін еді. Олимпиада құрамасын жаңарту барысында бапкерлер кеңесінің таңдауы жас Темо Казарашвилиге түседі. Сол кезде әділетсіздік Үшкемпіровтің тәлімгері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вадим Псарев пен КСРО спорт комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Колесовтың арқасында жүзеге аспады.

Жоғары лауазымды шенеунік Жақсылық Үшкемпіров Олимпиадада жеңіліс тапса, қызметінен кететінін мәлімдеді. Жерлесінің мүддесін республиканың басшысы болып тұрған Дінмұхамед Қонаевтың өзі қолдағаны да айтылып жүр. Алайда бұл әңгіменің шын-өтірігі белгісіз. Ал Үшкемпіров алғашқы және соңғы Олимпиадасына абыроймен барып келді.

"Он мың қазақ отырғандай көрінді"

- Таңертең 8-ден 9-ға дейін салмақ өлшеді. Осыдан кейін жеребе тартып, маған 13-ші нөмір – сол кездегі әлем және Еуропа чемпионы, жеңілмеген румындық балуан Константин Александр түсті, - деді Жақсылық Әміралыұлы Мәскеудегі күндерін еске алып Sputnik Қазақстан тілшісімен әңгімелесу кезінде.

- Барлығы оның жеңіске деген құштарлығын білді, қоржынында тек Олимпиада чемпионы медалі ғана жоқ еді. Шын мәнінде мен үшін Олимпиадағы бірінші жекпе-жек тартысты болды. Команда бойынша жаттықтырушылармен серіктестер мені барынша қолдап, Александрды жеңе алатынымды айтты. Сол кезде еңсемді көтеріп, өзіме сендім. 

"Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты

Айтуынша, ол аренада халықтың қолдауын сезініп, содан шабыт алған.

- Жаттығудан кейін залға шығып, мінберге көз салдым, адам лық толы екен. Маған ол жерде он мың қазақ отырғандай көрінді, -деп жалғастырды әңгімесін Жақсылық Әмірәліұлы. - Гонг естілді, біз күресуге кірістік. Бірінші секундтан-ақ бар күш-жігерімді осы айқасқа салып, қарсыласымды бапкерім Вадим Псарев үйреткен "ілмек" әдісін қолданып ұстауға тырыстым. Осы әдіспен оны ұстау қолымнан келді. Александрдың оқиғаның осылай өрбуіне дайын болмағаны анық байқалды. Мен оны 6:2 есебімен ұттым. Сол жекпе-жек мен үшін Олимпиададағы ең қиын күрес болды.

Қымыздың қасиеті

- Сол жекпе-жектен кейін маған министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов келіп, қиын жекпе-жектен кейін қолдау көрсетті. Ол не қажет екенін сұрады, мен бір кесе қымыздан бас тартпайтынымды жеткіздім. Ол күліп, көмекшілерін сусын алып келуге жіберді, - деп еске алды балуан.

Александрды жеңгеннен кейін Жақсылық Үшкемпіровтің айы оңынан туды. Сол күні кешке поляк Роман Кирпачпен алаңға шықты. Үшкемпіровтің ол спортшымен өз есебі болған көрінеді, ол Еуропа чемпионатында қазақстандық спортшыдан басым түсіп, финалда жеңіп кеткен. Үшкемпіров алдыңғы сәтсіздіктің орнын толтыру үшін барын салды. Нәтижесінде 13:10 есебімен жеңіске жетті. Есептің өзі жекпе-жектің тартысты болғанын көрсетіп тұр.

"Он мың қазақ отырғандай көрінді": Үшкемпіров ең тартысты жекпе-жегі туралы айтты

- Финалға жетер жолда Олимпиадада жеңімпаз атануға бұдан басқа мүмкіндік болмайтынын сездім. Сол жылы мен 29 жасқа толдым. Уақыттың зымырап өтіп жатқанын, менің де есейіп жатқанымды түсіндім. Сол себепті әр жекпе-жекте соңғы рет алаңға шыққан адамдай күрестім, - дейді Жақсылық Әмірәліұлы.

Үшкемпіровтің келесі қарсыласы мажарлық Ференц Шереш болды. Ол тартыста қазақ чемпион 17:6 есебімен жеңіске жетті. Олимпиада чемпионының айтуынша, ол осы жекпе-жектен кейін үйге алтын медальмен оралатынына еш күмәнданбаған.

Қарсыласына мүмкіндік бермеді

Көптен күткен финалға да жетті. Үшкемпіровтің қарсыласы – оған жақсы таныс болгар Павел Христов. Үшкемпіров олимпиада алдындағы жарыстарда жеңіп жүрген.

- Болгар бапкерлері оның бұл жолы да мені жеңе алмайтынын түсінді. Сол себепті менен Христовты ұпай бойынша жеңуімді сұрады, осылайша оның жүлделі орынға ие болатынын айтты. Нәтижесінде мен оны 7:1 есебімен жеңіп, Олимпиада чемпионы атандым, - деп аяқтады әңгімесін Үшкемпіров.

Бір жылдан кейін Жақсылық Үшкемпіров Ослода әлем чемпионы атанды. Соның арқасында КСРО құрамасы жалпыкомандалық ұпай бойынша бірінші орынға ие болды. Даңқ шыңында спортшы мансабын аяқтаймын деп шешеді. Спортшының есімі қазақ және әлем спортында мәңгіге алтын әріппен жазылып қалды.

Жақсылық Әмірәліұлы – Олимпиада тұғырына көтерілген алғашқы қазақ. Табанды жігіт жеңіске қажырлы еңбегінің арқасында жеткенін дәлелдеп, шенеуніктердің шиеленісіне қарамастан, чемпионның жолы қандай болатынын көрсетті.