Өңірлер

Түркістан облысында бір топ адам шырт ұйқыда жатқан тұрғындардың зәресін ұшырды

Кентау қаласында жекеменшік үйге тас лақтырған ер адамдардың бұзақылық әрекетінен үш адам зардап шекті 
Sputnik

АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері Кентау тұрғыны мен оның туыстарына тас лақтырды деген күдікпен төрт адамды ұстады. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Otyrar.kz басылымы.  

Қылмыс туралы хабарлама Кентау қалалық полициясының кезекші бөліміне 21 шілде күні түнгі бір шамасында келіп түскен. Қоңырау шалған тұрғын өзін және туыстарын ауылдастары соққыға жыққанын айтты.

"Полиция ауылдағы көшелердің бірінде ер адам мен ауыл тұрғынының сөзге келіп қалғанын анықтады. Біраз уақыт өткен соң жәбірленушінің үйінің маңына белгісіз адамдар мінген бірнеше автокөлік келіп тоқтаған. Олар жәбірленушінің және көрші үйлердің ауласына тас атқан. Артынша ізін суытқан", - деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаменті.

Тәртіпсіздік кесірінен жәбірленушінің үш туысы түрлі жарақат алды. Оларға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында ауыл тұрғындары түн ортасында полицияны аяққа тік тұрғызды 

Кейін жедел уәкілдер төрт күдіктіні ұстады. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.