НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи демалыс орындарында күл-қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұлдың көлемін арттыруды тапсырды. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Түске дейін президентпен сөйлестім. Мемлекет басшысы табиғатқа зиян келтіргені және осы саладағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, сондай-ақ, айыппұл көлемін арттыруды тапсырды", - деді Мырзағалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, алдағы сенбіден бастап ұлттық парктерде және демалыс аймақтарында арнайы рейдтер басталады. Оған ішкі істер органдары да қатысады.
"Тәртіп бұзушылықтар болса, бірден сол жерде шара қолданылады, айыппұл салынады. Бізбен бірге қоғам белсенділері мен еріктілер жүреді", - деп атап өтті Мырзағалиев.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі заңнамада көрсетілген айыппұлдың мөлшері аз. Адамдарға күл-қоқысты өзімен бірге алып кеткенше, көп жағдайда, айыппұл төлей салған жеңіл. Сондықтан президенттің тапсырмасы аясында айыппұлдың көлемі артады. Министрлік заң жобасын әзірлеуге кірісті. Күзде осы құжат парламент қарауына енгізіледі.
Министр сондай-ақ күл-қоқыс жәшіктерін көптеп орнатуға қатысты өз ойын жеткізді.
"Бүгінде сан алуан ұсыныс бар. Кейбіреулер күл-қоқыс бактарын көптеп орнату қажет деп санайды. Алайда біздің тәжірибемізге сәйкес, ондай бактар көптеп орнатылса, адамдар күл-қоқысты да көп тастайды. Сосын тағы бір сауал туындайды. Күл-қоқыс бактарын көп қойсақ, табиғи байлықтарымыздың көрінісі қандай болмақ?", - деді Мырзағалиев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Көбейтұз көлінің тұзын сатып жатқандарды сынға алды
Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы мәдениетсіздігін сынға алып, халықтың ерекше қызғылт түсті "Көбейтұз" көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды екенін жеткізді.