Өңірлер

Бекшин Алматы тұрғындарының вирусты қайда жиі жұқтыратынын айтты

Талдау жүргізу кезінде 6 408 адамның жұмыс орнында ауру жұқтырғаны анықталды, деп атап өтті Алматының бас санитар дәрігері
Sputnik

АЛМАТЫ,22 шілде – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қала тұрғындарының коронавирус инфекциясын жұмыс орнында көп жұқтыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Науқастардың 23,3%-і – жастар, 21,1%-і – 30-39 жастағы адамдар. Талдау жүргізу кезінде 6 408 адамның жұмыс орнында ауру жұқтырғаны анықталды", - деді Бекшин.

 1948 адам инфекция ошағында науқастармен байланыста болған. Ал 1258 адамның инфекцияны қайдан жұқтырғаны анықталмады.

Қала бойынша коронавирус инфекциясының 5 302 ошағы тіркелді, оның ішінде қазір 1 591 инфекция ошағы белсенді болып отыр.

"Байланыста болғандарға үнемі бақылау жүргізіледі, оның ішінде науқастармен жақын байланыста болған 48 032 адам, жұмыс бойынша байланыста болған  22 231 адам бар", - деді қаланың бас санитар дәрігері.

Қазір үй карантинінде отырған 7 265 адам медициналық бақылауға алынған.

Сонымен қатар қалада соңғы жеті күн ішінде ауру жұқтыру көрсеткіші 44,3%-ке өсті.

Оқи отырыңыз: Бекшин тұмауға шалдыққан науқас коронавирус жұқтырса не болатынын айтты 

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, ақылы негізде өз еркімен коронавирустың бар-жоғын анықтауға жүгінушілер саны 942-ден 1060-қа дейін артқан.

Айта кетейік, Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 9 635 адамға жетті, 5 796 адам жазылып шықты, 73 адам қайтыс болды.