НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik, Ирина Алкснис. Ресей қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Руслан Цаликов COVID-19-ға қарсы отандық вакцина дайын екенін мәлімдеді — клиникалық сынақтардың нәтижесі еріктілерде иммунитет қалыптасқанын көрсеткен. Десе де, Сеченовский университетінің дәрілік заттарды клиникалық зерттеу орталығы препараттың тиімділігін тексеру бойынша тестілеудің келесі кезеңі басталатынын нақтылады.
Ресейде барлығы 14 платформада COVID-19-ға қарсы елу шақты вакцина әзірленіп жатыр. Бұл процесте Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы, Роспотребнадзордың "Вектор" орталығы мен ФМБА вакцина және сарысу институты көшбасшы саналады.
Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко коронавирусқа қарсы алғашқы отандық вакцина тамыз айында тіркелуі мүмкін екенін айтты.
Бұл өте тез.
Әдеттегі жағдайда вакцинаны, жалпы кез келген дәрілік препаратты жасауға жылдар кетеді. Қолданыстағы зерттеу хаттамалары өте қатаң, өйткені өнім өз тиімділігімен қатар, адам денсаулығына қауіпсіз екенін де дәлелдеуі тиіс.
Тағы оқыңыз: COVID-19-ға қарсы Ресей вакцинасының Қазақстанға қашан жеткізілетіні айтылды
Алайда коронавирус індеті бұл процедураларды қайта қарауға мәжбүрледі. Сәуір айында британиялық ғалымдар олардың мақсаты препаратты қыркүйекке қарай жасап шығару екенін мәлімдеген еді.
Вакциналарды әзірлеуге шынымен де қомақты қаржы мен күш жұмсалып отыр. Атап айтқанда, Дональд Трамптың әкімшілігі америкалық және еуропалық фармацевтика компанияларына екі миллиард доллардан астам ақша бөлді. Мұндай жомарттықтың шарты, әрине, Құрама Штаттар үшін жұмыс істеу.
Шын мәнінде әлемде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуден жарыс басталды және де оның қаржылық әрі саяси сипаты бар.
Ақшамен бәрі түсінікті: әлемдік нарықта вакцинаны кім бірінші сатса, сол олжаға кенеледі. Дәл осы себептен зерттеулерге мемлекеттік және академиялық құрылымдар ғана емес, фармацевтика компаниялары да белсенді тартылып отыр. Олар үшін бұл таптырмас мүмкіндік.
Саясатта, ең дұрысы, үлкен саясатта бәрі әлдеқайда қиын. Әңгіменің төркіні мынада — вакцина әзірлеумен байланысты қазіргі жағдай державаның мүмкіндіктері мен оның даму көрсеткіші ретінде қаралып отыр. Фармпрепаратты дайындау үшін (әсіресе аз уақыт ішінде) тек ақша бөлу жеткіліксіз. Жұмыс істеп тұрған академиялық орталықтар мен кәсіби деңгейі жоғары ғылыми кадрлар қажет. Сондай-ақ, процесті барынша тиімді ұйымдастырып, туындаған проблемаларды жедел шешуге қабілетті құрылымдар да керек.
Вакцина әзірлеуде әу бастан үш мемлекет – АҚШ, Ұлыбритания және Қытай – лидер саналды. Бұл елдер екпе жұмысын ерте бастады.
Ал Ресейді ешкім шындап қабылдамады.
The Wall Street Journal басылымы ресейлік тәсілді "вакциналық ұлтшылдық" деп атады. Бұл тіркеспен олар Ресей препарат әзірлеуде тек өз ресурстарына арқа сүйегенін және вакцина алдымен ресейліктерге егілетінін, ал өзге азаматтар екінші орынға ысырылып отырғанын меңзеді.
Тағы оқыңыз: Ресейлік мамандар бүкіл Қазақстандағы дәрігерлерге кеңес беріп жатыр
Кез келген мемлекет өз мүддесін бірінші орынға қояды. "Мұнда тұрған не бар?" деген сауалдың жауабы өз алдына жеке әңгіме.
Қалай дегенмен, соңғы айда батыстың коронавирусқа қарсы вакцина бойынша Ресейге қатысты позициясы қатты өзгерді – әлем "Кремльдің кезекті қылмысы" туралы білді.
Алдымен Ресейді хакерлердің көмегімен үш елден – Ұлыбритания, АҚШ және Канададан ақпарат ұрлауға әрекеттенді деп айыптады. Ал кеше тіпті таңғаларлық жағдай болды: Bloomberg агенттігі Мәскеу сәуір айынан бері эксперименттік вакцина пайдаланатынын, алайда ол жасырын, тек ресейлік элитаның өкілдеріне егіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұл айыптауларға тереңірек үңілсек, Батыс Ресейдің коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуде көшбасшы саналатын елдердің қатарына қосылуынан қорқатын сыңайлы.
Қытай маусым айының соңында өз армиясы үшін эксперименттік вакциналардың бірін мақұлдаған болатын. Енді Ресей жақсы жаңалығын бөлісіп отыр.
Ал Батыс елдерінің жетістіктері әлі көрінбейді.
БАҚ мәліметінше, АҚШ-тың фармацевтика компаниялары вакцина өндірісін жаздың соңына қарай бастауды жоспарлап отыр. Әйтсе де бұл хабарламаға ресми статус пен толыққанды ақпарат жетіспейді.
Ал британиялықтар кеше ғана оксфордтық вакцинаның кезекті нәтижесі туралы есеп берді. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, нәтиже көңіл көншітпейді. Коронавирустан вакцинациялау жөніндегі мемлекеттік жұмыс тобының төрағасы Кейт Бингэм екпеге үлкен үміт артпауға шақырды: "Вакцина ешқашан пайда болмауы мүмкін, жасап шыққан күннің өзінде ол вирус жұқтырудың алдын алмайды, тек ауру белгілерін әлсірететін вакцина болуы мүмкін", - деді ол.