Қоғам

"Жемқорлық жойыла ма": криптотеңгені тездетіп енгізу ұсынылды

Агенттік төрағасының айтуынша, қазіргі кезде барлық деңгейдегі бюджеттің ашықтығын қамтамасыз еткен жөн
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев электронды теңгені тездетіп жасап шығару қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тағы бір маңызды әрі болашағы бар бағытқа назар аударғым келеді. Ол – электронды ұлттық валютаны жасау. Біріншіден, осы бастаманың арқасында қолма-қол ақша азаяды. Жемқорлар үшін қолма-қол ақшаның болғаны ыңғайлы екені белгілі. Екіншіден, электронды валюта мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаражатының ашықтығын толығымен қамтамасыз етеді",– деді Шпекбаев жарты жылдың жұмысына арналған алқа мәжілісінде.

Өз сөзінде агенттік басшысы пара беру жүйесінің бар екенін де жеткізді. Ал оның "ставкаларын" бәрі біледі.

"Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, кейбір шенеуніктер ардан безіп, медициналық препараттар мен құрал-жабдықтарды сатып алудан пайда көреді. Сөйтіп, байып отырады. Ашығын айту керек, осы проблеманы тек ұстау мен қамаумен ғана шеше алмаймыз. Сондықтан жоспарлау мен бюджет қаражатын игеру жүйесін түбегейлі өзгерту керек", – деп атап көрсетті Шпекбаев.

Оқи отырыңыз: Екі министрліктің жоғары лауазымды тұлғалары тергеуге алынды

Оның айтуынша, бүгінде барлық деңгейдегі бюджеттердің ашықтығын қамтамасыз еткен жөн. Сонымен қатар, қоғамдық және азаматтық бақылауды күшейту керек.