Қоғам

42 500 теңгені бір миллион адам алды  

Табысынан айырылған 1 миллион 169 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды, оның ішінде 1 миллион адамға қаражат аударылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 21 шілде – Sputnik. Бір миллион қазақстандық 42 500 теңге мөлшеріндегі бір реттік әлеуметтік төлемді алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"21 шілде сағат 14.00-дегі жағдай бойынша 42 500 теңге мөлшеріндегі бір реттік төлемді алуға азаматтардан 1 миллион 567 мың өтініш қабылданды. Төлем 1 миллион 169 мың адамға тағайындалды. Қаражат 1 миллион қазақстандыққа аударылды", - деп хабарлады еңбек министрлігі.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алуға өтініш бірнеше арна арқылы қабылданды:

  • 755,8 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берді;
  • 383,7 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;
  • 117,3 мың адам  42500.enbek.kz порталы арқылы;
  • 310,3 мың адам екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш берді.

Министрліктің хабарлауынша, 755,8 мың өтініш проактивті форматта бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден келіп түсті. Жұмыс берушілер жалдамалы қызметкерлері үшін 71 мың адамға өтініш берді. 740,3 мың өтініш жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардан келді.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңгені алу ережесі жарияланды 

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың шілде айында карантин шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге бір реттік төлем берілетінін айтты.

Өтініш беруге арналған порталдар:

  • egov.kz – "электронды үкімет" веб-порталы;
  • 42500.enbek.kz порталы;
  • "Электронды үкімет" telegram-боты;
  • Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы;
  • екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.

Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.