Қоғам

"Әкімнің күйеу баласы неге бастық болады": Жаңаөзен тұрғындары көшеге шықты

Маңғыстау облысының әкімдігі мекеме жұмысын оңтайландыру және экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында арнайы жоспар әзірленгенін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Жаңаөзен қалалық әкімдігіне қарасты "Өзенэнергосервис" МҚК-ның қызметкерлері наразылық акциясына шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан ондаған қызметкердің көшеге шығып, өз арыз-шағымдарын айтқанын көруге болады. Олардың сөзіне қарағанда, мекеме басшысы 56 адамды қысқартуға жіберемін деп айтқан. Содан барлығы өз талаптарын жеткізу үшін жиналды. Әкім келмеді. Басқа шенеуніктер де тұщымды жауап бере алмады.

"Неге бізге ештеңе түсіндірмейді? Неше жылдан бері істеп жатқан жұмысшыларды қысқартамыз дейді? Неге мекемені жекеменшік қылады? Үш ай болды, осы Қонысбаев Қанат Нұрланұлы (мекеме басшысы – Sputnik Қазақстан) халыққа киловатты қостырып отыр. Бақылаушыларды да жұмыстан шығарамыз дейді. Сол үшін бақылаушылар сөйлеуге қорқады. Себебі барлығының үйінде бала-шаға бар", – дейді мамандар.

Қызметкерлер басшылықтың өзіне ұнайтын адамдарды ғана жұмыста қалдырып отырғанын жеткізді.

"56 адам жұмыстан шығарылады деді. Енді екі сөйлеп, 30 мың теңге беремін дейді. Қазақстан бойынша ең төменгі жалақы – 42 500 теңге. Ол қалай? Кеше тағы бір директор орынбасары жұмысқа алынды. Неге ішімізден алмайды. Мына жерде жігіттердің бәрінде диплом бар. Қашанғы сүмірейіп жүреді. Арамыздан алсын!", – дейді қызметкерлер.

"Неге әкімнің күйеу баласы мында бастық болады. Бізге келеді де, бұны жекеменшік қылып алады. Неге қарапайым халықтың үстіне ақша қостырады? Басшылар келеді де, ойына келгенін істейді?", – дейді олар. 

Маңғыстау облыстық әкімдігі Жаңаөзен қаласында болған жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

"Өзенэнергосервис" МҚК-дағы қысқартулар туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Кәсіпорын басшылығы карантинге байланысты кейбір қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыруға шешім қабылдады. Жалақы сақталады", – деді әкімдік қызметкерлері.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде кәсіпорынның шығындары көп. Осыған байланысты мекеменің жұмысын оңтайландыру және экономикалық тиімділігін көтеруге арналған жоспар әзірленді. Осы құжат қала әкімшілігіне ұсынылды.

Оқи отырыңыз: Он жеті жыл бұрын "өлген" Жаңаөзен тұрғыны тірі болып шықты

"Бұдан бөлек, компания басшылығы мен жұмысшылардың кездесуі кезінде жалақыны көтеру мәселесі талқыланды. Ол үшін тарифтерге қатысты баға саясатын қайта қарау қажет. Материалдық қамтамасыз ету, еңбек тәртібі мен кәсіподақты құру жайын да заң аясында қарастырған жөн. Кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", – делінген ресми хабарламада.