Қоғам

Астана іргесіндегі Көбейтұз көлі туристер үшін жабылды

Биылғы жазда астаналықтар үшін демалыс орнына айналған әйгілі қызғылт түсті тұзды көлге баруға тыйым салынды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Ақмола облысының Ерейментау ауданының әкімдігі Көбейтұз, Теңіз, Құрбет және Қоржынкөл көліне адамдардың келуіне тыйым салу туралы шешім қабылдады.

Жаз басталысымен елорда тұрғындары 200 шақырым қашықта орналасқанына қарамай, осы көлге қарай жаппай ағылатын. Шет ел тұрмақ, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі курорттарға бара алмауына байланысты, бұл көлдер астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Адамдар ерекше көріністі тамашалап, фотосессия жасау үшін де осында келетін. 

Ерейментау ауданының әкімі мен мобильді бақылау тобы Көбейтұз бен Теңіз көліне арнайы рейд жүргізді. Яғни, аудан тұрғындары арасында COVID-19 жағдайының көбеюіне байланысты және Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 4 шілдедегі №86 "Коронавирус инфекциясы (COVID-19) ауруларының таралуына жол бермеу үшін қатаң шектеу шараларын енгізу туралы" Ақмола облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің бұйрығы іске асырылуда.

"Ақмола облысы мен Ерейментау аймағындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін: Көбейтұз, Теңіз, Құрбет, Қоржынкөл көліне және Ерейментау ауданының аумағында орналасқан барлық көлдерге баруға тыйым салынады", – делінген аудан әкімінің өкімінде. 

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары арасында көлге келушілер тазалық сақтамауы салдарынан қоршаған ортаға зиян келуі мүмкін деп өз алаңдаушылықтарын білдірген болатын.

Оқи отырыңыз: Судан қауіпті вирус табылды: алматылықтарға көлде шомылуға тыйым салынды

Айта кетейік, аталған тұзды суда дуналиелла балдыры гүлдейтіндіктен, Көбейтұз көлі қызғылт түске ие.