Елорда тынысы

Нұр-Сұлтан әкімдігі қоғамдық көліктің жұмысы туралы айтты

Елордада автобустар бесінші шілдеден уақытша тоқтатылған болатын, олардың қозғалысы әзірге жанданбайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік әзірге жүрмейді. Бұл туралы қала әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланды.

"Қатаң карантиндік шаралардың ұзартылуына байланысты елордадағы қоғамдық көлік жұмысы әзірге жанданбайды. Бағыттар линияға шығар алдында қосымша хабарлаймыз", - деп жазды әкімдік.

Әкімдіктің бұл шешімі желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Елорда тұрғындары таксиге ақша жоқтығын, жұмысқа баратын көлік таппай қиналып жүргенін айтты.

Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктің қозғалысы 5 шілдеден уақытша тоқтатылды. Дәл осы күні Қазақстанда карантин шаралары екі аптаға күшейтілген болатын. Кейінірек карантин тағы екі аптаға, 2 тамызға дейін ұзартылды.

19 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 8145 адам індетке шалдықты.