Қоғам

Қалыңдық Оралда, күйеу жігіт Кореяда: Қазақстанда ерекше той өтті 

Дүйсеновтер отбасы індет өршіп тұрғандықтан сырға салу, құда түсу рәсімін онлайн өткізуді ұйғарыпты, бұл кезде күйеу жігіт Оңтүстік Кореяда болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Орал тұрғыны шаңырағында ерекше сырға салу рәсімін өткізді, хабарлады "Хабар 24".

Алпыстың асқарына шыққан Жарылғап Дүйсенов қос ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Темірлан Қапшағайда әскери дәрігер болса, кішісі Жұмабек Алматыда, ақпараттық технология маманы. Екеуі де үйлі-баранды. Кенжесі Қорлан да өткен жылы теңін тапқанын айтқан. Құдалар бас қалада кездесіп, 2020 жылы той жасамаққа уағдаласқан. Алайда үйдегі ойды түздегі нарық бұзатыны рас екен.

"16 шілде күні сырға салу рәсімі, 17-сі қыз ұзату тойы болуы керек еді. Елімізде, дүниежүзінде болып жатқан жағдайларға байланысты оның бәрін тоқтатуға тура келді. Тойды маусымның 13-і деп белгілегенбіз. Кейін оны 17 шілдеге жылжыттық. Сосын доғаруға тура келді", - дейді қала тұрғыны Жарылғап Дүйсенов.

Дүйсеновтер отбасы індет өршіп тұрған кезде болашақ құдалары мен тума-туыстың денсаулығын қатерге тіккісі келмепті. Сондықтан сырға салу, құда түсу рәсімін онлайн өткізуді ұйғарыпты. Ағайынға Zoom бағдарламасы арқылы шақырту берілген. Көкшетаулық құдалар сырға мен сый-қадені курьер арқылы жіберіпті.

"Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, ауылдан тума-туысқандар қосылды, таныстық. Асаба модератор болды. Біз өте ризамыз. Бастысы, балалар қосылып, оқуын жалғастырсын. Ал бергі жағында құдалармен араласып тұрамыз деп келістік", - дейді Қорланның анасы Нұргүл Қазимова.

26 жастағы Қорлан "Назарбаев университетінің" химия факультетін бітірген. Кейін Америкаға оқуға түскен. Алайда, пандемияға байланысты магистрлік дәрежемен шектелуге тура келіпті. Енді Оңтүстік Кореяға докторантураға тапсырыпты. Болашақ жары да осы елде оқып жатыр екен. Мәди Арсақаймен ол университет қабырғасында танысыпты.

Оқи отырыңыз: Алматыда той өткізгендер ел-жұртқа масқара болды – видео

"Әрине, жағдайға түсіністікпен қарадық. Сондықтан тойды өткізбейміз деп шештік. Еш ренжіген жоқпын. Себебі үйлену тойы болмаса да Мәдимен, әрине, неке қиямыз. Мен Оңтүстік Кореяға барғасын 14 күн карантинде жатамын. Сосын 30 күннен кейін Қазақстанның елшілігінде некемізді қиямыз", - дейді қалыңдық Қорлан Дүйсенова.