Саясат

Мамин Минскіде Беларусь президентімен кездесті: не талқыланды

Тараптар сауда-экономикалық, индустриялық, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Ақсар Мамин Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесу өткізді.

Премьердің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы аясында өтті. 

"Беларусь президентімен кездесу барысында сауда-экономикалық, индустриялық, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы екі елдің ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды", - деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.  

Мамин Минскіде Беларусь президентімен кездесті: не талқыланды

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында сөз сөйлеген Қазақстан үкіметінің басшысы өзара іс-қимылдың проблемалы мәселелерін шешу үшін уақытылы әрі сапалы ақпарат алмасу мақсатында ветеринарлық,  санитарлық, фитосанитарлық, көлік және кедендік бақылау салаларындағы ұлттық жүйелердің интеграциясын жеделдету қажеттігін атап өтті.

Қазіргі кезге дейін ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту аясында 88 ортақ үрдіс әзірленді, оның ішінде тек 19 (21%) іске қосылған.  

Мамин өзара жеткізулерді ЕАЭО өндіруші кәсіпорындарын осыған дейін ұлттық режимді ұсыну туралы келісімге қол жеткізілген мемлекеттік сатып алуларға барынша толық тарту есебінен арттыру мүмкін болатынын атап айтты.  

Отырысқа қатысушылар ЕАЭО ішкі нарығының жұмысы аясында кедергілерді жою, арнайы қорғаныш, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдану тетіктерін жетілдіру, сәйкестендіру құралдары арқылы тауарларды таңбалау жүйесін одан әрі дамыту, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру, сондай-ақ басқа да мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын қарастырды. 

Оқи отырыңыз: Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып алудан үмітті - Мамин

Отырыс қорытындысы бойынша "Жерді қашықтан зондтау ұлттық деректер  көзінің негізінде ғарыштық және геоақпараттық өнімдер мен қызметтерді өндіру және ұсыну бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кіріктірілген жүйесі" мемлекетаралық бағдарламасы қабылданды.

Бағдарлама жерсеріктердің қолданыстағы және перспективалы топтамаларының ресурстарын біріктіруді, орташа және жоғары шешімді ғарыш аппараттарының базасында Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) бірлескен ғарыш жүйесінің және ғарыштан түсірудің бірыңғай деректер банкін құруды қарастырады, оларды әзірлеу және өндіруді ЕАЭО елдерінің кәсіпорындарының кооперациясы жүзеге асыратын болады. 

Еуразиялық үкіметаралық кеңес сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында COVID-19 коронавирус инфекциясының және басқа да инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу бойынша тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын және денсаулығын сақтау саласындағы іс-шаралардың кешенді жоспарын бекітті.

ЕАЭО агроиндустриясын дамыту және индустрияландыру картасын әзірлеу туралы өкім жасасты, сондай-ақ 2021 жылдың 1 наурызынан бастап кеден операцияларын электронды түрде жасаған жағдайда көлік, коммерциялық және басқа да құжаттарда кеден органдарының белгілерін қоймау туралы шешім қабылдады. 

 17 шілдеде Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтті, оған Қазақстан үкіметінің басшысы Асқар Мамин қатысты.