Қоғам

Денсаулық министрі пневмониядан қайтыс болғандардың санын жариялады 

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде қоздырушысы анықталмаған COVID-ке ұқсас пневмониялар тіркеліп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Жыл басынан бері Қазақстанда 234 187 адам пневмонияға шалдықты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Биыл 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында пневмонияның 234 187 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,3 есеге өсіп отыр", – деді Цой бүгінгі онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, осы статистиканың ішінде бактериялық пневмония бар. Оны стафилококктар, стрептококктар, пневмококктар, клепсиеллалар және тағы басқа бактериялар қоздырып тұрады. Бұдан бөлек, статистикаға аденовирусты және риновирусты пневмониялар, сондай-ақ, паратұмау мен басқа да вирустардан туындаған пневмониялар кірді.

Сонымен қатар, қоздырушысы анықталмаған COVID-ке ұқсас пневмониялар тіркеліп отыр.

Оқи отырыңыз: Пневмония коронавирус статистикасына қосыла ма – Қазақстан ДДҰ жауабын күтіп отыр

"Жарты жылдың ішінде пневмониядан қайтыс болған адамдардың саны өткен жылдың осы кезеңімен бірдей болды. Бірақ маусым айында күрт көбейіп кетті. Осылайша, 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында пневмониядан 3 327 адам қайтыс болған. Былтыр осы уақытта 1 896 науқас көз жұмды", – деп атап өтті Цой.