НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде — Sputnik. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұxамбетов қайтыс болды. Себебі нақтыланбады.
"58 жасқа қараған шағында Қосман Айтмұxамбетов мезгілсіз өмірден озды. Отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз", - деп жазды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook-тегі парақшасында.
Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев те көңіл айтты. Ол күн сайын коронавирустан көз жұмғандар саны артып келе жатқанын жеткізді.
"Суыт хабар жетті - Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Ақмола облысының бұрынғы әкімі, Астана әкімінің бұрынғы орынбасары (Нұр-Сұлтан) Қосман Айтмұхаметов қайтыс болды. Біз астана әкімдігінде бірге қызмет еткен болатынбыз", - деп жазды Исекешев.
Сондай-ақ, ол профессор, медицина ғылымдарының докторы, травматология және ортепедия ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Нұрлан Бәтпеновтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.
"Екеуі де өз ісінің маманы, саланың, өңірдің, қаланың дамуына қомақты үлес қосты. Нұрлан Бәтпенов пен Қосман Айтмұхамбетовтың жақындарына көңіл айтамын" - деді Исекешев.
Сoronavirus2020.kz сайтының мәліметіне сәйкес, Түркістан облысында 2 341 адам коронавирус жұқтырған, 18-і қайтыс болды.