НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Астрахандық бес дәрігер Атырауға барып, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен кездесті. Сондай-ақ, Атырау облысына гуманитарлық жүк жеткізілді.
Махамбет Досмұхамбетов медицина қызметкерлеріне COVID-19 пандемиясы кезінде көрсетіп жатқан көмектері үшін алғысын білдірді.
"Сіздерге және жеке Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкинге көп рахмет. Біздің дәрігерлер жан аямай жұмыс істеп жатыр, кейбіреулері ауырып қалды, қазір олар қауіпті инфекциямен күресіп жатыр. Жұмыс көлемі үлкен. Біздің аймаққа сіздердің тәжірибелеріңіз, білім-дағдыларыңыз қажет", - деді Атырау облысының әкімі.
Өңір басшысы келген дәрігерлер бүгіннен бастап өз міндетіне кірісетінін айтты.
Атырау облысының коммуникациялар қызметі хабарлағандай, астрахандық дәрігерлер бұрын жұқпалы аурулар бөлімінде коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істеген, сондықтан олар әріптестеріне кеңес берумен шектелмей, вирус жұқтырған адамдарды емдеуге тікелей қатысады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мамандарды медициналық мекемелерге: облыстық кардиологиялық орталыққа, жұқпалы аурулар ауруханасына бөледі, кейбіреулері аудандарға жіберіледі.
Оқи отырыңыз: Атырауға ресейлік дәрігерлер көмекке келе бастады
"Бізді өте жылы қабылдады, көп рахмет. Толыққанды жұмыс істеп, демалуға барлық жағдай жасалған. Біз әріптестерімізге коронавируспен күресуге көмектесу кезінде бар күшімізді салуға тырысамыз, қолымыздан келгеннің бәрін істейміз", - деді дәрігер Анна Чепель.
Дәрігерлер үшін барлық жағдай жасалған, тұрғын үймен, тамақпен және көлікпен қамтылған, деп сендірді коммуникациялар қызметі.
Бұған дейін, 13 шілдеде алты ресейлік дәрігер Атырауға жергілікті дәрігерлерге коронавируспен күресуге көмектесу үшін келген болатын.
Атырау облысында, ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 8 515 адам коронавирус жұқтырған.