Қоғам

Қазақстанның Тәжікстанға көмегі дауға айналды: министрліктің жауабы қандай

Отандық өндіруші біздің қажеттілікті де, гуманитарлық көмек түріндегі қажеттілікті де қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр, дейді Бюрабекова
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бюрабекова Қазақстанның Тәжікстанға жөнелткелі жатқан гуманитарлық көмегі төңірегіндегі дауға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан үкіметі Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде жасанды тыныс алдыртудың портативті аппараттарын жөнелтуді жоспарлап отыр. Аппараттар отандық өндірістен шыққан.

Ел ауруханаларында жасанды тыныс алдырту аппараттарының жетіспейтіні туралы БАҚ бетінде жиі жазылып жүр. Осыған байланысты журналистер вице-министрден ішкі қажеттілікті қанағаттандыра алмай отырғанда, өзге мемлекетке көмек көрсету қаншалықты қисынды екенін сұрады.

"Бұл жерде портативті аппараттар туралы сөз болып отыр. Олар пациенттерді тасымалдау үшін қолданылады. Отандық өндіруші біздің қажеттілікті де, гуманитарлық көмек түріндегі қажеттілікті де қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр", - деді Бюрабекова онлайн брифингте.

Ол Қазақстанда жасанды тыныс алдырту аппараттарына қажеттілік қайта қаралғанын атап өтті.

"Жедел жәрдем көліктеріне 680 портативті және ауруханаларда, жансақтау, интенсивті терапия палаталарында қолданылатын 5 мыңға жуық стационарлық аппарат қажет", - деді вице-министр.

Оқи отырыңыз: Қытайдан әкелінген маскаларға инфекция жұқтырылған - министрлік түсініктеме берді 

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев індет басталғалы Қазақстанға өзге елдерден 98 жасанды тыныс алдырту аппараты жеткізілгенін айтты.

"Аппараттардың көп бөлігін соңғы екі аптаның ішінде алдық. Түркия үкіметінен – 30, БАӘ-ден –  25,  Грузиядан – 10. Бұған дейін Джек Ма қоры 30 аппарат жеткізді", - деді ол.

Қазақстанға Ресей, Қытай, АҚШ, Жапония, Түркия, Өзбекстан, БАӘ және тағы басқа елдер гуманитарлық көмек көрсетті.