Өңірлер

"Асқан қатыгездік": Павлодарда төбелескен жастар мен оны видеоға түсіргендер анықталды

Қолданыстағы заңға сәйкес, төбелесті бейнеге түсірген адамдар да тергеуге алынып, жауапкершілікке тартылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Павлодар облыстық полиция басқармасы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан видеодағы төбелеске қатысқандарды анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлімі, 99-бабы 2-ші және 3-ші бөлімі – "бұзақылық ниетпен бір топ адам болып адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", – дейді полицейлер.

Қылмыстық кодекс бойынша адам өлтіруге оқталғаны үшін 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ресми мәліметке сәйкес, төбелесті бейнеге түсірген адамдар да тергеуге алынды. Олар Қылмыстық кодекстің 313-бабы – "қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату" бойынша жауапқа тартылады. Осы бапқа сәйкес, кінәлі адамдар 2 000 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2 778 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі, я болмаса, екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі.

"Павлодарлық полицейлер видеоны қарап, зерттеді. Қазіргі уақытта қатысушылардың жеке басы анықталды", – деп атап көрсетті құқық қорғаушылар.

Төбелестің мән-жайы

Полицейлер төбелестің мән-жайын да анықтады. Олардың айтуынша, 2020 жылы 7 шілде күні 18 және 19 жастағы екі жас жігіттің арасында жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласқан. Жәбірленуші осы факті бойынша полицияға және медициналық көмекке жүгінген жоқ. 

"Жастардың қатыгездігі таңқалдырады. Олар төбелеске қатысушыларды тоқтатып, полицияны шақырудың орнына бәрін ұялы телефондарына түсіріп жүр. Зорлық-зомбылықты насихаттайтын мұндай видеоларды тарату заңға қайшы", – дейді тәртіп сақшылары.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік мекемеде не үшін төбелес болды – видео

Тергеу жалғасуда. Төбелеске қатысушылар жауапқа тартылады.