НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Кірісінен айырылған азаматтарға шілде айына әлеуметтік жәрдемақы алу үшін бірыңғай жиынтық төлемді төлеу қажет емес. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өз өзін жұмыспен қамтығандар өткен жолы 42 500 теңгені алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төледі. Бұл жолы оны төлеудің қажеті жоқ, ондай талап қоймаймыз. Төтенше жағдай кезінде төледіңіздер, сол жеткілікті", – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.
Министр жеке кәсіпкерлерге қатысты өзгерістерге тоқталды.
"Жеке кәсіпкерлер өткендегідей өтініш береді. Олардан да біз міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік жарнаның төленгенін растауды талап етпейміз", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Президент: шілде айына 42 500 теңге төленеді
Айтуынша, төтенше жағдай кезінде 40 мыңға жуық жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатпаса да, өтініш беріп, әлеуметтік жәрдемақы алған. Жеке кәсіпкерлердің қызметі тоқтап-тоқтамағаны ақпараттық жүйелер мен салық комитетіндегі деректер арқылы анықталады.