Қоғам

Үкіметте карантинге қатысты қосымша шаралар қабылданды

Өңірлерде дене қызуын түсіретін және бактерияға қарсы препараттардың бір айлық қоры жасақталды және әкімдіктерге карантин режимін бұзу әрекеттерін жоюға қатысты тапсырмалар берілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Ол жерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Атырау облысының кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында 102 жоғары білікті маман, ал Маңғыстау облысына 56 маман жіберілетін болды", - деді Тоғжанов.

Оның айтуынша, өңірлерде дене қызуын түсіретін және бактерияға қарсы препараттардың бір айлық қоры жасақталды.

"Қазақстанға дәрілік заттардың 3,5 миллион қаптамасы жеткізіліп, өңірлерге таратылады. Осы аптада қажетті қосымша дәрілік заттарды жеткізу ұйымдастырылады", - деп атап көрсетті Тоғжанов.

Бұдан бөлек, бір рет қолданылатын үш қабатты медициналық масканың бөлшек саудадағы шекті бағасы 118 теңгеден 85 теңгеге дейін, яғни 28 процентке дейін төмендету туралы шешім шығарылды.

Мобильді топтардың жұмысы күшейтіледі

Ал стационарда жатқан пациенттерге әкімдіктердің есебінен шұғыл түрде 2 600-ден астам оттегі концентраттар мен медициналық газдар сатып алынуда.

Санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмауына байланысты денсаулық сақтау мен ішкі істер министрліктеріне, сондай-ақ, әкімдіктерге карантин режимін бұзу әрекеттерін жоюға тапсырма берілді. Осы орайда мобильді топтардың жұмысын күшейту қажет.

Карантин бұзған жеке тұлғалар 30 АЕК – 83 340 теңге төлесе, заңды тұлғалар 230 АЕК-тен жоғары – 638 940 теңгеден бастап айыппұл төлеуге міндеттеледі. 

Оқи отырыңыз: Үкімет Қазақстанның бір облысында карантинді күшейтуді тапсырды

 "Елде барлық қатаң шектеу шаралары қабылданды. Енді барлық қоғамдық қозғалыстардың әлеуетін тарта отырып, әр аудан, ауыл мен ауланың тұрғынына карантин режимін сақтау қажеттігі туралы ақпаратты сапалы жеткізу қажет", - деп түйіндеді Тоғжанов.