НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, денсаулық сақтау магистрі Мыңжылқы Бердіқожаев бейнеүндеу жолдап, қазіргі коронавирус статистикасына атипиялық пневмонияны да кіргізу қажеттігін айтады. Себебі оның қоздырғышы – COVID-19, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дәрігердің ойынша, coronavirus2020.kz сайтында жарияланатын статистика шындыққа сәйкес келмейді. Оған ауыр пневмониядан қайтыс болған науқастарды да қосу қажет.
Оны "атипиялық пневмония" деп толық айтуға болады. Ал оның қоздырғышы COVID-19. Қазіргі кезде тек ПТР-тестілеумен расталған SARS-CoV-2 жағдайларын ғана статистикаға енгізіп отырады. Бұл статистика әлі күнге дейін шындыққа жанаспайды.
"Компьютерлік томография мен ренген арқылы расталған атипиялық пневмонияны да қайта қарастыру қажет. Бұның барлығын коронавирустық пневмонияға жатқызған жөн. Әйтпесе, бүгінде тек ПТР-тестпен расталған жағдайларды ғана тіркеп отырады. Статистикамен ойнауды доғару қажет",– дейді Бердіқожаев.
Осы орайда дәрігер Джон Хопкинс атындағы университеттің мәліметтерін де келтірді. Оған сәйкес, аурудың әрбір кезеңінде ПТР-тест әртүрлі нәтиже көрсетуі мүмкін. Жалған нәтиже болады.
Сoronavirus2020.kz сайтының ақпараты бойынша осы уақытқа дейін Қазақстанда коронавирустан 375 науқас қайтыс болды. Ал денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, маусым айында ғана пневмониядан 628 адам көз жұмды.
Емдеу хаттамаға сай емес
Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев аурулардың халықаралық классификациясымен де ойнамауға үндеді. Соның салдарынан медициналық көмек кеш көрсетіледі, кейбір науқастарды ауруханаға жатқызбайды, өлім-жітім де көбейді.
Дәрігердің сөзіне қарағанда, стационарда үйден келіп емеделетіндерге бактерияға қарсы терапия тағайындалады. Оған вирусқа қарсы препараттар, гармондық дәрілер мен антикоагулянттар кіреді. Ал пневмонияның емдеу хаттамасына ондай препараттар енбейді. Бұның барлығы коронавирустық инфекцияны емдеу хаттамасына жатады. Амбулаториялық деңгейде, яғни үйде жатып емделетіндер де сондай дәрілерді ішеді.
"Емхана пациенттеріне коронавирустық инфекция хаттамасына кіретін дәрілер тағайындалады. Ал ондай жағдайлар "ауруханадан тыс пневмония" ретінде тіркеледі. Барлығы тынышталғаннан кейін осы жағдайларға айыппұл санкциялары салынуы әбден мүмкін. Оны жүз проценттік сеніммен айтуға болады. Себебі емдеу шаралары клиникалық хаттамаға сәйкес келмейді. Ауруханадан тыс пневмония кезінде вирусқа қарсы препараттар болмауы керек", – деп атап көрсетті Бердіқожаев.
Тоқаев статистиканың қателігін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық министрлігінің бұрынғы басшылығы жіберген қателіктерді атаған болатын. Министрлік уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамы қате болып шыққан.
Оқи отырыңыз: Коронавирусты емдеу тәртібі өзгерді – ауруханалар қалай босатылады
"Тағы бір кемшілік. Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады", - деді Тоқаев.