НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Жеңіл салмақтағы қазақстандық спортшы Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі алғашқы кездесуін бразилиялық Раулина Пайваға қарсы өткізіп, ұпай санымен жеңіліс тапты.
Бірінші раундтың алғашқы жартысында бразилиялық спортшы басымдыққа ие болды. Бірақ раунд соңына қарай Жұмағұлов есепті теңестріп, тіпті тейкдаун әдісін жасап үлгерді. Ал үзілістен кейін отандасымыз октагон үстінде толығымен үстемдік етіп, қарсыласына екі рет ауыр соққы дарыта алды. Шешуші раундта кезекті соққы алмасулар болғанымен, Жұмағұлов соңғы сәтте тейкдаун әдісін тағы да ұтымды қолдана білді.
Алайда, төрешілердің шығарған шешімі таңқаларлық болды – 29:28 есебімен жеңіс 24 жастағы бразилиялықтың пайдасына берілді.
Жұмағұлов UFC құрамасында Fight Nights жаһандық чемпионы ретінде өнер көрсетті. Ал UFC 251 турнирі Абу-Дабидегі жауынгерлер сайысы аралында өтті.
Оқи отырыңыз: Жалғас Жұмағұлов ресейлікті жеңіп, чемпиондық титулын қорғап қалды – видео
Айта кетейік, ол 2019 жылдың қараша айында ресейлік Али Багаутиновты жеңген болатын. Жалпы, қазақстандық спортшының осы кездесу қорытындысын қоса есептегенде, төрт жеңілісі мен он үш жеңісі бар.