Қоғам

Қазақстанда жаңа оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді

Егер ата-ананың мектеп формасын алуға мүмкіндігі болмаса, балалар классикалық үлгідегі қарапайым киіммен қамтамасыз етілуі керек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Оқушылар үшін алдағы оқу жылында мектеп формасы кию міндетті болмайды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

"Мектеп формасы" ұғымы мен оның қағидаты және оған қойылатын талаптар мүлдем жойылмайды. Тек, біз жаңа бұйрыққа төтенше жағдай мен карантин немесе шектеу шараларына қатысты арнайы ескертулер енгіземіз. Яғни, осындай кездерде балалар мектепке ұқыпты классикалық киіммен келуіне мүмкіндік беруіміз керек",– деді министр бейнеконференция барысында.

Сондай-ақ, ол егер қазіргі кезде ата-ананың мектеп формасын алуға мүмкіндігі болмаса, балалар классикалық үлгідегі қарапайым киіммен қамтамасыз етілуі керек екенін атап өтті.

"Біз осындай шешім қабылдадық. Бұл қазіргі жағдайда өте маңызды деп санаймыз",– деді Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Оқушылар жаңа оқу жылында қалай білім алады – білім министрлігінің жауабы

Айта кетейік, қазақстандық оқушылар жаңа оқу жылында мектепте білім ала ма, әлде қашықтан оқуды жалғастыра ма, ол жағы әлі белгісіз. Білім және ғылым министрлігі жақын күндері өз шешімін жариялайды деп күтілуде.