НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik,Арман Асқар. Туған-туысқанына көмектесеміз деген қарапайым адамдар бір қаладан тауып алған дәріні басқа қалаға беріп жіберуге тырысады. Әуежайға барып, жолаушыларға жалынады. Sputnik Қазақстан тілшісі Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда болып, дәрі-дәрмекті тасымалдау тәртібін біліп қайтты. Жолаушылардың өзге біреудің дәрісін жеткізіп беруге қатысты ойын да сұрады.
Ұшаққа қалай кіргізеді
Әуежайдың тексеру қызметінің бастығы Серікбол Сәдуақасовтың айтуынша, әрбір жолаушы тек өзіне қажетті дәріні ғана ұстап жүре алады. Өзге біреудің медициналық препараттарын тасымалдауға болмайды. Жолжүкте артық дәрілер анықталса, әуежай қызметкерлері хаттама толтырып, препараттарды қоймаға апарып қояды. Оны хаттаманың көшірмесімен 30 күннің ішінде алып кетуге мүмкіндік бар.
"Негізі, медициналық препараттарды аз мөлшерде ғана алып жүруге болады. Ол адамның қолжүгінде болуы керек және нақтылануы керек. Яғни, дәрігердің нұсқауы болуы шарт. Рецептпен бірге ұстайды. Сосын "обезболивающий" дейміз ғой. Сондай препараттар аз мөлшерде, бір-екі таблетканы өткізуге болады", - дейді Сәдуақасов.
Жеткізіп беруге дайынбыз
Жолаушылардың көбісі ережені білмейді. Бірақ өзге біреудің дәрісін жеткізіп беруге қарсы емес.
"Адамдар ауырып жатыр. Оларға көмектесу керек. Ал бір жағынан қарағанда, қазір әр түрлі махинациялар жасап жатыр ғой. Дәрілерді қымбатқа сатуда. Бәлкім, контрабанда жасайтын шығар. Оны білмейміз ғой. Негізі, көмектескен дұрыс. Бірақ оны адамдар емес, мемлекет істеу керек қой", - дейді олар.
Сұхбат берген жолаушылардың басым бөлігі дәріні жеткізіп беруге келісті. Дегенмен, шұғыл пошта қызметін қолдануға кеңес бергендер де болды.
Дәрі-дәрмек тапшылығы қашан шешіледі
Халыққа үндеу жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын күндері дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешілетінін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бүгінде медициналық препараттарды сертификаттау, жеткізу және сатып алу жеңілдетілді. Осының арқасында қажетті дәрі-дәрмекті ауруханалар мен дәріханаларға дер кезінде жеткізуге мүмкіндік бар.
Қазірдің өзінде стационарлар үшін шамамен 30 мың науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмек сатып алынды. Бұл қазіргі қажеттіліктен 70 процентке көп. Бөлшек сауда желісіне де медициналық препараттар түсіп жатыр. Парацетамолдың 800 мың қаптамасы жеткізілді. Осы аптаның аяғына дейін тағы 900 мың қаптаманы әкеледі. Ал антибиотиктердің 150 мың қаптамасы дәріханалар желісіне тапсырылды.
Мемлекет басшысы халықты дүрбелеңге салынып, дәріні артығымен алмауға үндеді. Себебі одан тапшылық басталады.