Экономика

Тоқаев үкіметтің бастамасы туралы: жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін

Қазіргі кезде үкіметте бюджеттің кіріс бөлігін арттыру мәселелесі талқыланып жатыр. Президент бұл бюджетке түсетін қаржыны көбейтудің ең қарапайым тәсілі екенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  жекелеген салықтардың мөлшерлемесін арттыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Президенттің айтуынша, қазіргі кезде үкіметте бюджеттің кіріс бөлігін арттыру мәселелесі талқыланып жатыр. Соның ішінде жекелеген салық түрлерінің, оның ішінде корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығының мөлшерлемесін арттыру мәселелері қарастырылуда. 

"Бюджетке түсетін қаржыны көбейтудің ең қарапайым тәсілі осы болғандықтан, үкіметті түсінуге болады. Бірақ экономиканы жандандыру керек деп, салықты ойланбай, біржақты арттыру онсыз да күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін. Сондықтан аталған мәселені барынша ақылға салып шешу қажет", - деді Тоқаев үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында. 

Мемлекет басшысы бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиімсіз шығындарды қысқарту қажеттігін жеткізді. Бүгінде экономика үшін тиімділігі аз салықтық жеңілдіктердің есебінен қосымша резервтерді қарастыру ұсынылып отыр.