Өңірлер

Алматыда дәрі-дәрмекке 5 миллиард теңге бөлінді – Сағынтаев 

Алматы әкімі қалада дәрілерді жеткізу мәселесі қалыпқа келгенін айтты. Барлық ауданда 105 дәріханаға сұранысқа ие 41 дәрі қойылады
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 шілде – Sputnik. Алматыда дәрі-дәрмектің тұрақты қорын жасау үшін 5 миллиард теңге бөлінді. Бұл жайында қала басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Дәрі-дәрмек жеткізушілерді 6-8 ай мерзімге процентсіз несиелендіру үшін 5 миллиард теңге  бөлінді. Бұл дәрі-дәрмекті ағымдағы баға бойынша сатып алынады. Нарықтағы жағдайға байланысты біртіндеп пайдалануға беріледі", - деп жазды қала әкімі Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, өңір басшысы бүгін, 10 шілдеде Ресейден препараттардың ірі партиясы келетінін хабарлады.

"Келіп түскен дәрі-дәрмектер дәріхана сөрелеріне бір тәуліктің ішінде қойылады. Шамамен 55 тонна дәрілік заттар, соның ішінде Covid-19-ға қарсы температураны түсіретін препараттар мен антикоагулянттар бар. Шілденің соңына дейін әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектің 4,2 миллион қаптамасы жеткізілуі тиіс",- деді Сағынтаев.

Айтуынша, қалада дәрілерді жеткізу мәселесі қалыпқа келді. Барлық аудандағы 105 дәріханаға жоғары сұранысқа ие 41 дәрі қойылады.

"Бірінші шілдеден бастап дәріханаларға әлеуметтік маңызы бар препараттардың 581 мың қаптамасы түсті. Қазір 105 дәріханада және жеткізуші қоймаларда осындай дәрі-дәрмектің 1,8 миллион қаптамасы бар", - деді әкім.

Айта кетейік, Бақытжан Сағынтаев дәрілік препараттарға сұранысты қамтамасыз ету және жедел жағдай бойынша қажетті шараларды талқылау үшін фармацевтика саласы өкілдерімен кездесті.
Бұған дейін қала әкімдігі, дәрі жеткізушілер мен дәріханалар өзара келісімге қол қойды. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар 41 дәрі жылдам жеткізілетін 105 дәріхана анықталды.