НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой екі апталық карантин шараларын ұзартуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, қатаң карантиннің нәтижесі вирустың инкубациялық кезеңі, яғни 14 күн өткеннен кейін анықталады. Себебі осы уақыт ішінде инфекция жұқтырғандардың симптомдары анық байқалады. Сол кезде коронавирустың таралу статистикасынан шектеу шараларының тиімділігін көруге болады.
Оқи отырыңыз: Министрлік 75 мың теңге төленетіні туралы ақпаратқа түсініктеме берді
"Қазіргі кезде біз аралық нәтижелерді қарап жатырмыз. Дегенмен, нақты эффект екінші аптаға қарай немесе екі аптадан кейін бірден көрінеді. Осы карантиннің аяғына қарай біз бәрін зерделеп шығамыз. Сол кезде оны ұзартамыз ба, жоқ әлде, карантин күшейтіле ме, бұның бәрін анықтаймыз", - деді Цой онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде карантин шараларының тиімділігін отандық ғалымдар ғана емес, шетелдік мамандар да жан-жақты зерттеп жатыр.
Айта кетейік, 5 шілдеден бастап республика бойынша қосымша карантиндік шектеулер енгізілді. Қалааралық автобус қатынасы тоқтатылды. Алайда жеке көлікпен жүруге болады. Теміржол саласында бірқатар бағыт қысқартылды. Сауда орталықтары мен базарлардың жұмысына шектеу қойылды.