Қоғам

Коронавируспен ауырғанда қандай халық емін қолдануға болмайды?

Дәрігерлер қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде тарап жатқан халық емі туралы хабарламаларға сенбеуге шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан емделуде денсаулыққа кері әсер ететін алты әдісті атады.

COVID-19-бен күресудің мұндай тәсілдеріне сода ингаляциясы, сарымсақ суының таңғажайып әсері және антибиотиктердің шамадан тыс қолданылуы мен басқа да денсаулыққа қауіпті халық емі жатады.

Ингаляциялық бу терапиясы

Мұндай жолмен емдеу әдісінің тиімділігі ғылыми дәлелденбеген. Сонымен қатар, сода қосылған "ыстық ванна" шырышты қабықты күйдіріп немесе Квинкенің ісінуіне әкелуі мүмкін. Ал содаға аллергия болса, шырышты қабаттың күюі немесе Квинкенің ісіну қаупі жоғары. Сонымен қатар, ингаляция жасауға бірқатар қарсы көрсетілімдер бар. Мысалы, гипертермия – жоғары дене температурасы, гипертония – жоғары қан қысымы, жүрек-тамыр аурулары немесе бүйрек қызметі бұзылған жағдайда бұл емді қолдану денсаулыққа қауіпті.

Сарымсақ суын ішу немесе аш қарынға сарымсақ жеу

Асқазан-ішек жолдары аурулары бар адамдарға сарымсақ суын ішуге немесе сарымсақ жеуге болмайды. Мұндай суды ішу асқазанды ауыртып, асқазан қыжылы мен бауырдың шаншуына әкелуі мүмкін. Осы табиғи антисептиктің барлық антимикробтық қасиеттеріне қарамастан, оның коронавируспен күресу тиімділігі дәлелденген жоқ.

Арақ немесе спирт буымен дезинфекциялау

Алкогольді шамадан тыс мөлшерде тұтыну иммундық жүйені тежейді. Бұл вирустың тезірек өршу қаупін арттырады. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары аурулары мен бауыр дертінің асқыну қаупін арттырады және емдеуді қиындатады.

Өкпеде ауа айдау үшін шар үрлеу

Өкпеге жасалатын мұндай жаттығу коронавирус инфекциясының асқынуына әкелуі мүмкін. Бұл әдіс альвеолаларға әсер етіп, интерстициалды қабыну пайда болады. Осы жағдайда өкпе тініне жаппай зақым келіп, оны осал етеді. Өкпеге түсетін кез-келген жүктеме, мысалы, шарды үрлеу сияқты әрекеттер оны жыртып жіберуі мүмкін, салдарынан тыртық ұзақ уақыт жазылмайды.

Сонымен қатар, кеуде қуысына жылдам қозғалыспен шамадан тыс күш түсіру өкпе жарақатына әкеледі. Науқастың қақырығына қан араласып, ол қан түкіруге ұласуы мүмкін. Сол сияқты альвеолаларды зақымдаумен қатар, тыныс алуды қиындатып, эмфиземаның дамуы мен өкпе фиброзының күшеюіне әкелуі мүмкін. 

Хиджама COVID-19 вирусын өлтіре ме?

Хиджаманың (қан алдыру әдісі) да тиімділігі ғылыми негізделмеген. Хиджама медициналық процедураға жатпайды, оны созылмалы жүрек патологиясы, қан жасушаларының төмен концентрациясы, кез келген қан тамырының патологиясы, тіпті психикалық ауытқулар кезінде де жасауға болмайды. 65 жастан асқан адамдар мен балалардың көп қан жоғалту қаупі бар.

Антибиотикті неге ішпеу керек?

Бүгінде коронавируспен ауырсаңыз, шұғыл түрде антибиотик ішу керек деген ақыл-кеңес көп айтылып жүр. Алайда дәрігерлер екі себепке байланысты антибиотик қабылдамауға кеңес береді. Біріншіден, аурудың симптомсыз және жеңіл түрінде 80% жағдайда организм вирусты өздігінен жеңе алады.

Ал температураны төмендету үшін парацетамол немесе ибупрофен ішу керек, дейді мамандар.

Екіншіден, антибиотиктерді ұзақ уақыт және жиі қолдану әсерінен бактериялардың дәріге төзімділігі пайда болуы мүмкін. Яғни, кейін антибиотик шын қажет болғанда, ол науқасқа көмектеспейді деген сөз.