Қоғам

Мемлекет басшысы саяси ойын жасағысы келетіндерге шүйлікті

Кейбір адамдар саяси ойын жасап, қауесет таратып, жағдайды ушықтырып, қоғамда алауыздық туғызуға тырысады, дейді Тоқаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясы кезінде жалған ақпарат тарататындарға ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде ел арасында көптеген жалған әңгіме тарап жатыр. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдар да бар.

Оқи отырыңыз: Тоқаев ұлттық аза тұту күнін жариялады

"Кейбір адамдар саяси ойын жасап, қауесет таратып отырады. Сан алуан болжам жасайды, ұран тастайды, жағдайды ушықтырады. Сөйтіп, қоғамда алауыздық туғызуға тырысады. Ондай манипулияциялар өте қауіпті. Оған заң аясында құқықтық баға беріледі", - деді Тоқаев телевизиялық үндеуінде.

Осы орайда мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, дәрігерлер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты және бірізді мәлімет беруі керек.

"Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек", - деп атап өтті Тоқаев.  

Президент  жалған ақпарат таратқан адам Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын да ескертті. Сол себепті құқық қорғау органдары қатаң шаралар қолданады.

"Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады", - деп түйіндеді Тоқаев.