НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Атырауда медицина кадрларының тапшылығы байқалып отыр. Бұл туралы брифингте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде 278 маман, оның ішінде жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, жұқпалы аурулар мамандары мен эпидемиологтар жетіспейді.
"Бұл бағытта біршама жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, біз Ресейден Атырауға маман тарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, биыл өңірге жас мамандар келеді деп жоспарланған", - деп атап өтті Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, ол аймақта дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатқандығын айтты.
"Кеше облысқа 220 миллион теңгеге 430 түрлі дәрі-дәрмек жедел жеткізілді. Олардың арасында азитромицин, цефазолин, цефтриаксон секілді қазіргі уақытта едәуір сұранысқа ие антибиотиктер, ыстық түсіретін дәрілер мен дәрумендер бар. Бұл дәрі-дәрмек облыс тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етеді", - деп түсіндірді әкім.
Оқи отырыңыз: Тоқаев ел азаматтарын дүрбелеңге салынбауға шақырды
Дәрі-дәрмектер қалалық қана емес, сонымен қатар аудандық дәріханаларға да таратылды, деп нақтылады ол.
Апта соңында тағы осындай көлемде дәрі-дәрмек жеткізіледі, өңірде қажетті препараттардың белгілі бір қоры бар.