Спорт

Желідегі танымалдығы да сеп болған: Сабина Алтынбекова басқа клубқа ауысты

Италия құрамасының баспасөз қызметі спортшының әлеуметтік желілердегі танымалдығын атап өтіп, Сабина клубтың "бет-бейнесі" болатынын айтады
Sputnik

НУР-СУЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова италиялық "Волалто Казерта" командасымен келісімшартқа отырды.

Енді Алтынбекова келесі маусымда италиялық әйелдер бас лигасының А сериясында ойнайды. Оның келісімшарты екі маусымға жасалды.

"Алтынбековамен келісімшартқа қол қоюға спорт компонентінен басқа оның әлеуметтік желілердегі үлкен аудиториясы да себеп болды. Соның арқасында Сабина команданың "бет-бейнесіне" айналып, имиджін қалыптастырады", – деп хабарлады Италия құрамасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Алтынбекова 2019 жылдың желтоқсан айында арабиялық "Аль-Васл" командасына ауысқан, бірақ жарақатына байланысты өнер көрсеткен жоқ. Ал оған дейін қазақстандық волейболшы "Алматы" командасы мен жапондық GSS Sunbeams клубында ойнаған.

Сабина Алтынбекова – 23 жасар қазақстандық волейболшы. Ол 2014 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатынан кейін танымал болды. Қытайлық БАҚ-тың волейболшы қызға назары ауып, бірнеше күнде оның фотосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Бұл жағдай Сабинаға мыңдаған жанкүйерлер тобын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: Сәбина Алтынбекова "Отанын сатып кетті" дегендерге жауап берді - видео

Қазіргі уақытта Сабина Алтынбекованың Instagram парақшасында миллионға жуық жазылушысы бар.