Қоғам

COVID-19: Ресей дәрігерлері науқастарды емдеу тәжірибесін бөлісіп жатыр

Ресейлік дәрігер Қазақстан басқа елдер секілді көптеген пациенттің ауруханаға бір уақытта түсу проблемасына тап болғанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Ресейлік дәрігерлер қазақстандық әріптестерімен цитокиндік дауылға (иммундық жүйенің өлімге әкелетін реакциясы) әсер ететін дәрілерді қолдану тәжірибесін бөлісіп жатыр.

Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Одинцово облыстық ауруханасының анестезиология және реанимация орталығының басшысы Денис Цветков айтты.  

"Әріптестерімізбен бөлісетін алғашқы тәжірибеміз – патогенетикалық терапияны қолдану (аурудың даму механизмдерін жою немесе болдырмауға бағытталған). Біз Ресей Федерациясында цитокиндік дауылға (иммундық жүйенің өлімге әкелетін реакциясы – Sputnik) әсер ететін препараттарды белсенді қолданамыз. Олар Ресейде жақсы клиникалық нәтиже берді, менің ойымша, біз бірнеше адамның өмірін сақтап қалдық", - деді Цветков.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық дәрігерлерге сақтық жетіспейді – Ресей денсаулық сақтау вице-министрі 

Цитокин дауылы – бұл организмдегі қабыну реакциясы, мұндай кезде қандағы цитокиндердің (иммундық реакцияға "дирижерлік ететін" молекулалар) деңгейі күрт артады. Бұл иммунитеттің өз ағзасындағы жасушалар мен тіндерге шабуыл жасауына әкеп соғады. Соның салдарынан тіндер мен органдар бұзылып, ағза өлуі мүмкін.

Бұған дейін Қазақстанға Ресейден 32 маман келгені хабарланған болатын, олардың арасында реабилитологтар, жұқпалы аурулар мамандары, пульмонологтар, эпидемиологтар бар.  

"Барлық мәселені шешеміз деп ойлаймын. Эпидемияның шыңын бастан өткерген барлық елдегі секілді мұнда да басты проблема – көптеген науқастың бір уақытта келуі. Кадр тапшылығы. Құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы айтсақ – мұнда бәрі бар, бірақ жағдайы ауыр науқастар көптеп келіп жатыр", - деп толықтырды Цветков.

Ресей мамандарының Қазақстанда қанша күн жүретіні эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.

"Бірнеше ауыр науқас бар, біз оларды емдеу жайын бірге талқылаймыз, тактикалық шешім қабылдаймыз", - деп толықтырды  Нұр-Сұлтан модульдік орталығы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Руспекова.

Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гридневтің айтуынша, қазақстандық дәрігерлерге коронавирусқа қатысты сақтық жетіспейді. Ол мұндай тұжырымға елорданың бірнеше медициналық мекемесін аралағаннан кейін келді. Бұған дейін ол Sputnik Қазақстанға биліктің 5 шілдеде қайта карантин енгізу туралы шешімін дұрыс деп санайтынын айтқан еді.