АЛМАТЫ, 7 шілде – Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген коронавирус пандемиясы кезінде астана күніне орай ұйымдастырылған отшашуға байланысты пікір білдірді.
"Ненің құрметіне салют атылып жатыр??? Коронавирусты жұқтыру бойынша бірінші орында тұрғанымыз үшін бе? Адамдар оттегі бар баллон таба алмай жатқан кезде астанада отшашу ұйымдастырылып жатыр. Дәл осылай жалғастыра беріңдер, сонда келесі жылы тойлайтын адам қалмайды", - деп жазды Димаш Instagram парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы 6 шілдедегі отшашу қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған деп мәлімдеді.
Алтыншы шілдеде астана күнін тойлау отшашумен аяқталды. Отшашу орталық саябақ, ботаника бағы және Пушкин мен Абылайхан көшелерінің қиылысынан атылды.