Қоғам

Режиссер Ақан Сатаев басшылық қызметке тағайындалды

Мәдениет және спорт вице-министр Нұрғиса Дәуешов "Қазақфильм" ұжымына жаңа басшыны таныстырып, алдағы қызметіне сəттілік тіледі  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Режиссер Ақан Сатаев "Қазақфильм" АҚ президенті болды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

"Қазақстан мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Ақан Сатаев Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті болып тағайындалды", - делінген ведомствоның сайтындағы хабарламада.

Оқи отырыңыз: Нұрлан Әлімжанов "Томирис" фильмі жайлы не ойлайтынын айтты 

Ұжымға жаңа басшыны вице-министр Нұрғиса Дәуешов таныстырып, алдағы қызметіне сəттілік тіледі.

Айта кетейік, бұл қызметті бұған дейін Арман Асенов атқарған болатын.

Ақан Сатаев туралы не білеміз

Ақан Қарғамбайұлы Сатаев 1971 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген.

1994 жылы Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін тəмамадаған.

2003 жылы "Sataifilm" студиясының негізін қалап, 2007 жылы "Рэкетир" атты алғашқы толықметражды фильмін, "Адасқан" мистикалық триллерін (2009), "Ағайынды" сериалын (2009), "Ликвидатор" психологиялық драмасын (2011), "Жаужүрек Мың бала" тарихи фильмін (2012) түсірген. Сондай-ақ "Районы" криминалдық драмасы мен "Анаға апарар жол" тарихи драмасының (2016), "Бизнесмены" (2018), "Томирис" (2019) жəне тағы басқа туындылардың режиссері.

2014 жылы киноиндустрия саласының үздік өкілі ретінде "Халық сүйіктісі" ұлттық сыйлығына ие болды.

2016 жылы жас режиссерлерді қолдауға бағытталған Astana Film Found қорының негізін қалаған.