Қоғам

Алматыда парацетамол мен термометр тапшылығы мәселесі қалай шешілді?

Дәріхана иелерімен дәрінің бағасын көтермеу және бір адамға бір дәрінің үш қаптамасынан артық сатпау туралы келісім жасалған
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 шілде – Sputnik. Алматы билігі дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шешкен. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

 

"Өткен аптада кей дәрінің жетіспеушілігі болды, алайда қазір ол жағдайды тоқтата алдық. 105 ірі дәріхана желісімен келісімге қол қойылды. Тұрғындарға қажетті негізгі дәрілер орталықтандырылған түрде 900 дәріханаға жеткізілетін болады", - деді Алматы әкімі.

Сонымен қатар қала әкімі дәріхана иелерімен дәрінің бағасын көтермеу және бір адамға бір дәрінің үш қаптамасынан артық сатпау туралы келісімге келгенін хабарлады.

Қазір Алматыдағы дәріханаларға 115 мың парацетамол мен 30 мың термометр жөнелтілген. 8 шілдеде тағы 80 мың, 12 шілдеде 850 мың парацетамол жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Алматы әкімі құқық қорғау органдары парацетамолды сату бойынша барлық хабарландыруды тексеретінін айтты. Кешеден бері дәрі-дәрмектерді желіде қайта сатудың үш жағдайы анықталды.

Айта кетейік, қалада тұрғындардың арыз-шағымын қабылдайтын 3000-103, 3000-505, 103 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді.