Қоғам

Пандемия дәстүрді бұзды – Тоқаев Астана күніне арналған шараға бармады

Жыл сайын Қазақстандағы ең үлкен мемлекеттік Тудың көтерілуімен қала күніне арналған мерекелік шаралар ресми түрде басталатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда астана күніне арналған дәстүрлі шара өтті. "Атамекен" этномемориалды кешен аймағында Қазақстандағы ең үлкен мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Осы жолы салтанатты шараға мемлекет басшысы қатысқан жоқ. Ал Туды көтеруге мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қалмұхамбет Қасымов бұйрық берді. Осыдан кейін Әнұран ойналды. Ресми сөз сөйлеу болған жоқ. Курсанттарға офицерлік шендер де тапсырылмады.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, биыл карантинді күшейтуге байланысты қала күніне арналған шаралардың көбісі өтпейтін болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та дәстүрлі шараға келмеді. Сондықтан бүгін мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ғана өтті. Оған мемлекеттік күзет қызметі жауапты болды.

Ұйымдастырушылар да президенттің келмейтінін бір күн бұрын білгенін жеткізді. Бірақ техникалық жұмыстардың барлығын аяғына дейін атқару қажет.

"Біз кеше ғана президенттің келмейтінін естідік. Бірақ осы шараға техникалық жағынан жауапты болғаннан кейін аяғына дейін атқаруымыз қажет. Енді, қала бойынша мерекелік шаралардың көбісін өткізбейтін болды ғой. Адам көп жиналмасын деп, осы шараны да өзгерткен шығар", - дейді мамандар.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстандағы ең үлкен мемлекеттік Тудың көтерілуімен қала күніне арналған мерекелік шаралар ресми түрде басталатын. Осы шараға президент қатысып, курсанттарға офицерлік шендер тапсыру дәстүрге айналған болатын.

Оқи отырыңыз: Астана күні - әкімдік жоспарланған шаралар тізімін жариялады

Биыл мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап қосымша карантиндік шаралар енгізіледі. Осыған байланысты астана күніне арналған мерекелік шараларды онлайн режимде өткізуге шешім қабылданды.