НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Алматыда соңғы айда өткір респираторлық вирус инфекциясы мен пневмония ауруларының саны 5 есе өсті. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев эпидемия басталғанын айтып отыр.
"Бұл ретте жедел жәрдем қызметіне жүгінушілердің саны күрт көтерілген. Маусым айында тәулігіне 4 мыңға дейін қоңырау түскен", - деп жазды Сағынтаев Instagram парақшасында.
Ол коронавируспен күреске қалалық денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурсы жұмылдырылғанын айтты. Жұқпалы және провизорлық стационарлардан бөлек алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметіне жүк түсіп жатқанын жеткізді.
"Бүгінгі қалыптасқан жағдайда "виртуалды жұқпалы аурулар ауруханасы" ашылды. Емханаларда COVID-19 диагнозы расталған және симптомдары бар пациенттерді мониторингілеу бойынша мобильді бригадалар құрылды. Асфендияров медицина университетімен бірлесіп, Кардиология және ішкі аурулар институты базасында пациенттерге мониторинг жүргізетін орталық аштық", - деді әкім.
Оның айтуынша, бұл амбулаторлық деңгейде, әсіресе, қарттар арасындағы асқынуларды азайтуға мүмкіндік берген.