НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде — Sputnik. Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.
Заңға сәйкес, банктерге жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын конвертациялау құқығы беріледі. Конвертация 2015 жылдың 18 тамызындағы бағам бойынша қарыз алушының өтінішінсіз жасалуы мүмкін.
Бұдан бөлек, енгізілген толықтырулар елден капиталдың шығарылуы тәуекелін азайтуды қарастырады.
Қолданушыларды сәйкестендіруге қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Анонимді электронды әмияндар арасында аударым жасауға тыйым салынады. Операция сомасының мөлшеріне шектеу қойылады.
Тағы оқыңыз: Назарбаев билік ауысқан кезде не болатынын айтты - видео
Өзгертулер қолма-қол ақша айналымының ашық болуына және төлем қызметін қолданушылар құқығын қорғауды күшейтуге жағдай жасайтыны айтылып отыр.
Бұдан бөлек, президент мемлекеттік қызмет және аудиторлық қызмет мәселелері жөніндегі заңдарға қол қойды.