Қоғам

Медициналық анықтамасыз құжат тапсыруға болады – білім министрлігі бұйрыққа қол қойды

Электронды үкімет порталында медициналық анықтаманы кейін ұсынуға мүмкіндік беретін функция іске қосылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 шілде – Sputnik. Қазақстанда балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына медициналық анықтамасыз құжат өткізуге уақытша рұқсат берілді. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік білім беру ұйымдарына тиісті құжат тапсыру кезінде құжаттарды медициналық анықтамасыз қабылдауға уақытша рұқсат берді. Бұл шешім азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама алу кезінде туындаған қиындықтарға байланысты қабылданды.

"Электронды үкімет" egov.kz порталы арқылы құжаттарды жіберу барысында медициналық анықтамаларды өзіне байланысы жоқ себептермен ұсына алмайтын азаматтар үшін аталған анықтамаларды кейін ұсынуға мүмкіндік беретін функция іске қосылды. Қазір білім алушылар медициналық тексеруден өткені туралы анықтамасыз шартты түрде білім беру ұйымдарына қабылданады", - делінген министрлік ақпаратында.

Оқи отырыңыз: Карантин аяқталғаннан кейін ұшақ жолаушыларынан анықтама талап етіле ме?

Азаматтар анықтаманы оқу жылы басталғанға дейін мүмкіндік болған кезде тапсыра алады.