НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қашықтан бата беріп, дұға жасау құптарлық іс деп мәлімдеді.
"Халқымызда "ауыр жол атаңды сынайды, ауыр іс адамды сынайды" деген нақыл сөз бар. Бұл сынақ жасқа да, жасамысқа да ауыр тиюде. Адамдар әр түрлі ойларға салынып, кейбіреулері ауырып, емделіп жатыр. Алла шипа берсін дейміз. Ал енді дүниеге салғандарға Алла иманын жолдас етсін, кітабын оң жағынан берсін", - деді Тағанұлы бүгінгі онлайн брифингте.
Осы орайда, бас мүфти адам қайтыс болғанда қазақтың топырақ салу мен бата жасау сияқты дәстүрді орындауға тырысатынын еске алды. Алайда бүгінде салттан бұрын адам өмірі қымбат екенін ұмытпау қажет.
"Әрине, адам өмірі болғаннан кейін өлім болады. Егер ондай жағдай болып қалса, жақындарымен, аз адаммен атқарып, дұғада болайық. Біздің халқымызда бата беру деген ұғым бар. Бірақ бүгінде батаны бармай-ақ, қашықтықтан беруге де болады. Ертең бата бермей қалсам, ұят болады деп ойласаңыз, онда қашықтан бата беріп, дұға жасасаңыз құба-құп", - деп атап көрсетті Тағанұлы.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева Елбасы өзіне қандай бата бергенін айтты