Қоғам

Түркістан облысында желіде видео жариялаған дәрігер қызметтен қуылды

Дәрігер "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, 7 жыл хирургия бөлімінің меңгерушісі болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Қызмет барысында пайдалану үшін жұмыс орнынан берілген сапасыз медициналық қолғаптарды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялағаны үшін Түркістан облысы Келес ауданындағы "Абай" ауруханасының хирургы Қайрат Сейдуәлиев жұмысынан қуылды, деп хабарлайды Отырар телеарнасы.

Видеода аурухана хирургі ота жасау үшін сапасыз қолғаптар берілгенін ашық айтқан.

Дәрігер аурухана әкімшілігінің жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ете алмай отырғанына елдің назарын аударып қана қоймай, мәселені шешеді деп үміттеніп, видео түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған.

Желіде қызу пікірталас тудырған видеодан кейін дәрігердің жұмыстан босатылғаны белгілі болды.

33 жастағы хирургтың айтуынша, ол осы ауруханада 8 жыл бұрын "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан. 7 жыл хирургия бөлімінің меңгерушісі болған.

Дәрігердің айтуынша, 2020 жылдың ақпан айында жаңа басшылық келгелі, ауруханада мамандарды негізсіз қудалау басталған. Сонымен қатар, ол медициналық жабдықтардың тапшылығы артқанын да алға тартады.

"Өте сапасыз қолғапты көрсеткенім үшін аурухана әкімшілігі мен бас дәрігер, оның орынбасарлары, кадр бөлімі бастығы, заңгер мен ауруханалар одағының төрағасы, шамамен 10 адам маған хаттама толтырды. Содан кейін үш минут ішінде олар мені жұмыстан босату туралы бұйрық әкелді",– дейді Қайрат Сейдуәлиев.

Аурухана әкімшілігінен қаржылық көмек сұрамадым, деген ол пандемия кезінде қорғаныс құралдарын берсін дегісі келген.

Ал аурухананың бас дәрігері керісінше айтады. Хирургтың жұмыстан шығарылуына бірнеше себеп бар. Жалған ақпарат таратудан басқа, пациенттің шағымын қарау нәтижелері бойынша шешім қабылданыпты. Сондықтан аурухана әкімшілігі дәрігерді жұмыстан шығаруға мәжбүр болған.

"Стационарда қолғаптар қол өлшемі бойынша беріледі және ол мұны өте жақсы біледі. Жауапты маманға жағдайды айтудың орнына, ол видео түсіріп, желіге жүктеді. 30 маусымда ол екінші бейне жариялады. Сонымен қатар, Қайрат Сейдуалиев 2020 жылдың ақпан айында сөгіс алған. 30 наурызда оның үш сағат бойы науқасқа ешқандай көмек көрсетпегені туралы шағым түсті",– дейді "Абай" ауруханасының бас дәрігері Аида Бексұлтанова.

Оқи отырыңыз: "Алып кет": бас дәрігер Ақтөбе ауруханасында түсірілген атышулы видеоға түсініктеме берді

Комиссия шешімімен келіспеген хирург енді президент пен облыстық денсаулық сақтау саласының басшыларынан араша сұрауға ниетті.