Қоғам

Тоқаев бірнеше заңға қол қойды

Ақорда президент қол қойған бірқатар заңды жариялады. Олар ауылдарды интернетпен қамту, салықтық рақымшылық және ойын бизнесіне қатысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.

Шалғай ауылға интернет жетеді

Мемлекет басшысы ауылдық елді мекендерде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Оның аясында екі жылдың ішінде қазақстандықтардың 97 процентін интернет желісімен қамтамасыз ету жоспарланған. 

Бұдан былай ұялы антенналардың құрылысына қажетті жер учаскелерін рәсімдеу жұмысы жеңілдеп отыр. Бұрын жалға алынған жер учаскесінің мақсатын өзгерту керек болған. Ал ондай шараларға біраз уақыт кететін. Енді, байланыс операторлары антенналарды құрғанда жер учаскесінің мақсатын өзгертпесе де болады. 

Бұдан бөлек, осы өзгерістер мен түзетулердің арқасында ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Салықтық рақымшылық 

Екінші заң салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты. Салық кодексі бойынша енгізілген өзгерістер бойынша жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық қарастырылған. Атап айтқанда, 2020 жылғы 1 сәуірге дейін мүлік, жер мен көлік салығының берешегі болса, өсімпұл жойылады. Алайда берешекті жылдың соңына дейін төлеп қою қажет.

Бұдан бөлек, заң жобасы аясында әуежайларды жер салығынан босату жоспарланып отыр. Мемлекеттік емес БАҚ-ты да салықтан босату қарастырылған. Ал банктер есепшоттан қолма-қол ақшаны алғаны туралы қаржы министрлігіне есеп беретін болады. 

Елдегі ойын бизнесі

Сондай-ақ, президент ойын бизнесі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға да қол қойды. 

Елімізде арнайы ойын аймақтары екі облыста –  Ақмола облысындағы Бурабай курорты мен Алматы облысындағы Қапшағай қаласында орналасқан. Заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді елдегі бүкіл букмекерлік кеңсе мен тотализаторлар осы екі өңірде шоғырланады.

Ойын бизнесі туралы заң жобасының жаңашылдығы – букмекерлік кеңселерге тек спорттық оқиғаларға ставка қоюға рұқсат етіледі. Яғни, ставка қоюға болатын оқиғалар тізімі тек спорттық шаралармен шектеледі.